Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  96


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Өтініш Әліпілам "кеп" пен "ре"

Өтініш, "Әліпілам" "кеп" пен "ре",
Салдырған сардардайсың көпке кіре.
Халықтарға қамаудағы қараударсың,
Жоқтығын жағдайының жүрсін біле.
Сондықтан қатарымнан қалдым соңға,
Нардай-ақ нарау тартқан тауып іле.
Таусылып тамақ, тиын түгелінен,
Құр кеуде қалды тіпте құрып сіле.
Бір жайлы жұмыс жөні болғанынша,
Босат деп прокурордан бізді тіле.
"Жасарсын жанымдағы" деген нақыл,
Қасыңнан қанша абырой, шықсақ күле?
"Ишарат - ақылы барға" ету керек,
Қылудың қажеті жоқ ұзақ сүре.
* * *
Қалады шешеннен — тіл, шеберден — мін,
Бақ тайса ер көңіліне орнайды жын.
Сүйекке шіріп қалған шер бітеді,
Татаусыз, таршылықта сөйлесең шын.
Жалғанға жақан атты көңіл бермей,
Әрқашан абыроймен іздесең дін.
Өтпейтін қылышыңнан халық қорықпайды,
Сұлулап соқтырғанмен алтыннан қын.
"Болам, - деп, - көппен бірдей", - божырама,
Көп суыр қанша айтқанмен қаза алмас ін.
Жалғыздың жары — Құдай, жаның — сауда,
Жұмысты жұрт таңырқар ет - тағы тың.
Ұшады ер — үш қатпен, құс — қанатпен,
Таға алмас туымды ерге дос-дұшпан сын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу