17.07.2021
  179


Автор: Серәлиев Нәсредин

Вокзалда


Вокзал басы құжынаған құмырсқа илеуіндей. Балалар өте көп. Арагідік үлкендер де бар. Кассадан билет алғандар шұбап келіп кезекке тұрып жатыр. әсіресе мен сияқты кішкентайлар мәз – мейрам, билет алғандарына қуана ма, екі езуі екі құлағында. Кезектегілерді төңіректеп біз жүрміз. Үшінші класта оқитын Үсен деген ағама еріп келгенмін. Қызығамын, араларына кіріп кеткім келеді. Бірақ амал нешік, қолда билет жоқ. Бәрін бүлдірген ағайым. Максим Горький паркіндегі Павлик Морозов балалар темір жолын көрсетем деген де әуелде өзі. Мана таңертеңгілік оңаша шақырып алып:
- Қасен, темір жолды көруге барасың ба? – деді.
- Барамын.
- Поезға мінеміз.
- Алақай – ау, алақай!
- Мамамнан ақша ал. Сен сұрасаң береді. Балмұздаққа да сұра, - деді ол көзі күлімдеп.
Мамам мені жақсы көреді. Ағамнан да тәуір көре ме деймін. Ағама ақшаны көп бермейді. Бір жетіде ғана киноға баруға ақша береді. «Аптасына бір рет кино көрсең жетеді, - дейді ғой мамам, - сабақты өте жақсы оқысаң, екі рет барасың» Бірақ ағам сабақты жақсы оқымайды. Ал мен не сұрасам да аямайды. Сұрағанымды бермесе, мен жатып тұрып жылаймын. Жылағым келіп тұрмаса да сұраған нәрсем қолыма тигенше бақырамын.
- Ағама еріп барып поезға мінейінші, мама, ақша берші, - деп едім, мамам сексен тиын деп үш – төрт теңгені қолыма ұстата салды.
Мұны көріп, ағам қатты қуанды.
- Жүр, кеттік!
Парктің кіре берісінде бір ақ халатты апай балмұздақ сатып жатыр екен. Соны көргенде ағамның көзі жайнап кетті.
- Әкел ақшаңды, мынау тамаша балмұздақ, - деді.
Ақшаны бердім. Ағайым екеуімізге екеуін алды. Балмұздақ тәтті әрі мұп – мұздай. Шөлдеп ем, сусыным қанды.
Парктің ортасына жақындадық. Адам көп, әр жерде газды су, балмұздақ, тоқаш сатқандар. Тоқаш сатып тұрған бір жуан апайдың жанына келгенде ағам тағы тоқтады.
- Алыңдар. Жаңа пісірілген, қант қосылған! Тамаша. Тәтті! – деп әлгі апай ауыз жаппайды. Бір сәт айналшықтап қалып едік, жуан апай ағам екеуміздің қолымызға бір – бір тоқаштан ұстата салды да, екі он тиынымызды қағып алды.
Ілгері жүрдік. Ағам балмұздақ сатып сатып жатқан тағы бір ұзын апайдың жанына тағы кідірді. Кезекке тұрды. Тағы да балмұздақ алғалы тұрғанын білдім.
- Билет алмаймыз ба? – дедім мен.
- Жоқ, билетсіз мінеміз, - деді де ағайым қалған ақшасын түгел берді әлгі апайға. Сөйтіп ақша таусылды. Ендігі тұрысымыз мынау. Шаңырақтағы етке қызыққан мысық сияқтымыз. Өстіп тұрғанымызда радио самбырлап қоя берді.
- Павлик Морозов атындағы станция. Жолаушылар, қазір поезға жайласу басталады. Билеттеріңізді көрсетіп, тәртіппен өтіңіздер.
Әлгі топ алға қозғалды. Бірінің артынан бірі перронға шығып жатыр, билеттерін ақ кительды жол басыларға көрсетіп, вагонға мініп жатыр. Бір кезде мойнына асқан сумкасы бар бір бала ысқырық шалып, қолындағы кішкентай жалаушасын жоғары көтерді. Сол – ақ екен, тепловоз айқайлады, поезд орнынан жылжыды. Вагон терезесінен қарап тұр балалалар. Бәрі де қуанышты. Күледі. Қолдарын бұлғайды. Бізді мазақтап: «Қалыңдар солай», - деп күлген сияқты.
Вокзал басы босап қалды. Сәлден соң тағы да жинала бастады адамдар. Біз кетпедік, әлі айналшықтап жүрміз.
Бір уақытта смена ауысты. Кезекшілікке басқа балалар мен қыздар келді. Сол – ақ екен, ағам қуанып кетті.
- Алақай, біздің мектептің балалары келді. Қазір мінеміз. Менің ізімнен қалма, - деді.
Бір теректей жуан кісінің тасасымен біз перронға зып бердік. Екінші вагонның алдында бір секпіл бет бала билет тексеріп тұр. Ағам ентелеп жетіп барды оның қасына.
- Вася, - деп көзін қысты ағам.
Секпіл бет бала ағамның жолын бөгеп:
- Билетіңді көрсет, - деді.
Билет жоқ. Ағайым тағы көзін қысып: «Кіргізіп жібер!» дегендей ым қақты. Вася деген бала ашушаң екен.
- Жоқ, болмайды кіруге. Билет ал, - деді айқайлап.
Ағайым алақтап маған қарады. Жетектеген қызы бар бір көк көйлекті тәтей екпіндеп келді де: «Әй, бала, мінетін болсаң мін. Болмаса, қаққан қазықтай қадалмай, былай тұр», - деп мені ысырып тастады.
- Бері жүр, - деп ағайым поездың аяғына қарай жүгірді. Мен де жүгірдім. Алтыншы вагонның есігінде бір қызыл кепкалы қыз билет тексеріп тұрған. Вагон аузында адам көп. Ағайым қолымнан ұстап кезекке тұрды.
- Күләш- анау, - деді қызыл кепкалы қызды көрсетіп ағайым, - бізбен бірге оқиды. Ағам көңілді. Поезға мінетін болғасын мен де қуанып қалдым.
Ағам еркін күліп, вагон тепкішегіне аяғын сала берді. әлгі қыз кесе – көлденең тұра қалды.
- Қайда барасың? Билетің қайда?
- Жіберші, Күләш, - деп жалынды ағам.
Жібермеді. Құлағына да ілмеді. Қайта басымыз пәлеге қалдық. Бізді вокзал кезекшісіне ұстап берді. Кезекші бізге қатты кейіді.
Поезға мінбек түгіл, қайтарда трамвайға тиын таба алмай, үйге жаяу қайттық.






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу