Өлеңдер ✍️

  13.07.2021
  201


Автор: Ақмаржан Таубаева‎

Балауса сезім

Балауса сезім, айналып кеткен сағымға,
Жоғалтып ем ғой жеттім бе деген шағымда.
Көңілді құсым дүр етіп ұшып кетті де,
Көңілсіз құсым қонақтап қалды бағымда.

Кіршік тимеген көрікті балғын сезімдер,
Өте шықты ғой бантикті балғын кезімде.
Ақшаңқан шақтар, неліктен шапшаң жалт етіп,
Іздетіп қойдың көктемді мынау күзімде.

Балауса күндер, таңбасы қалып кеудемде,
Қол бұлғап кетті мәңгілік қайтып келмеуге...
Қоңырқай түстер - қоңыр наз,
қоңыр шумақтар,
Кеудеме толды,
Төгілердей боп ернеуден...
Жайқалған гүлден, шайқалған жасыл теректен
Іздедім, сені, осылай ету керек пе?
Бәрі де тұрды қоңырқай ғана мұңайып,
Жыр толды содан мазасыз мынау жүрекке.

Осылай менің түсіп бір еңсем кеткенде,
Жапырақ сонда тіл қатты маған өктемдеу.
Сыр айтып тұрды тәкаппар, сұлу тіршілік,
Жақсылық хабар жетер деп келер көктемде.

Балауса сезім, қалдырған табын суытпай,
Мәпелеп келем жыл бойы қылау жуытпай.
Қоңырқай түстер - қоңыр наз, қоңыр шумақтар,
Дір-дір етеді көктемін күткен шыбықтай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу