Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  410


Автор: Сүгір жырау Бегендікұлы

СҮГІРДІҢ ҰЗАҚБАЙ ЖЫРАУҒА ХАТЫ

Дұғай сәлем жазайын


Ұзақбай шайыр ініме,


Он сегіз жаста бақ қонып


Өнер берген тіліңе,


Атағың тегіс жайылды


Мен қазақтың еліне,


Таңғалып еді талайлар


Алқалаған жиында


Пормысы күшті деміңе,


Пердеден асқан лебіңе.


Сөйледің талай шаршыда


Сөз қиынын келтіріп


Адайдың мырза, бегіне,


Жыр айтамын дегенде


Дем алмадың шегіне.


Алты арыс Әнет болғанда


Неше жүйрік өткен жоқ


Астана жұртты тартқанда


Ылдидан шауып жөніне.


Өзің сәлем жазғасын ,


Кетпедім сөздің кеңіне,


Менен сәлем айтарсың


Ол жақтағы ағайын,


Сау болсын, Адай еліне.


Тойға барып отырсаң


Ешкім талас қылмаған


Несібе, бақыт, жеміңе.


Біразырақ сөйлеспей


Кеткеніме назамын,


Сол үшін, інім Ұзақбай,


Қағазға хатты жазамын,


Тірі болсақ көрерміз,


Бірігіп те жүрерміз,


Неше күн дәурен сүрерміз?


Ашылып кетті арамыз


Қоныс шалғай жерменен,


Алланың берген несібе


Үлкейген сайын өрлеген,


Еркіндік алып алқада


Сөйлесін пері желменен,


Тірлікте қызық қалды ма


Біз екеуміз көрмеген?


Көтеру үшін көңілді


Алпыс бес кезек жерлеген,


Алпыс пен жетпіс ауыр жас –


Бұған да жеттік екеуміз


Құдайдың берген демменен.


Қара бүркіт қартайса


Емініп ұшқан шалықтап,


Еділден ұшқан екі ақын


Талайын ілдік қалықтап,


Мысалдап айттым бұл сөзді


Шешерсің өзің бағыттап,


Іс түскен күні басына


Ер азамат тарықпақ.


Сөз бағытын білесің


Айтпасам да анықтап.


Mepeкe-дудың базарын


Қырық жыл сүрдік шарықтап,


Аллаға шүкір етелік,


Кеткен жоқ әлі қонған бақ,


Қартайғанша сөйлеткен


Алланың, берген тіл мен жақ.


Бұл өнерді қызықтап


«Ұзақбай, Сүгір» атандық,


Жақсылардан бата алдық,


Дүниедегі жақсы зат


Денсаулық пенен қатарлық.


Ұзақ өмір-жаспенен,


Кәрілік пенен кеселге


Екеуміз де маталдық.


Күндіз айтсаң түн болған,


Түнде айтсаң күн болған,


Осылайша сөз жазып


Шайырың сөзін құтарған.


Риза бол, інім Ұзақбай


Сөзімді дұрыс хош алған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу