04.07.2021
  186


Автор: Қайырғали Медет

Жан ұя

Шүйкедей қара кемпірдің шулы көшенің жиегімен жаяулап келе жатқанына екі сағаттай болды. Қала көліктері бүгінде ақы төлемесең, есігінен де сығалатпайды. Азын-аулақ тиын-тебенді оған жұмсағанша, қант-шәйіне жаратқан шүйкедей кемпірге әлдеқайда тиімді. Сосын, аман жоқ жаяу. Аяғы құрығыр сүйретіліп жүргенге ғана қуаты жетеді. Адымдап аттауға шама жоқ. Ілбіп болса да, жүру керек. «Жылауық болса да, баланың бары жақсы» деген. Сол перзенттің қамы үшін ойға алған шаруаны қалайда дұрыстап шешпесе болмайды. Әйтпесе, мүгедек қыз бен онан ауырушаң боп туған екі немере, аузынан уызы әлі кеппеген немереден кімнен тапқанын білмейтін дүниеге келген шөбере қуықтай тар қуыс үйде топырлап қала бермек. Тәй-тәй басқан шөберенің қылығы тәтті. Үлкен немере қыз өмірдің байыбына бара бермей, далабезер боп жүріп, оны кімнен тапқанын да білмейді. «Сорлыға сойылдың жуан басы тиер» деген құба-құп-ау.
Әу баста өзінің ауру қызын «қатарынан қалмасын, өзі құрпыластарымен бірге оқысын» деп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған интернат үйіне бергенде күйеуі байғұс жар дегенде жалғыз перзентті өзі тәрбиелей алмайтынына қатты қайғырып, ақыры ішқұса боп өмірден өтті. Ол кезде жұмыстан да қолы тие бермейтін. Әрі кемтар туылған балаларды қоғамнан оқшаулау үшін арнайы мекемелерге тәрбиеге беретін заман еді ғой. «Адамды заман билейді» деген. Ол дәуірдің заңына қарсы келе алмайсың. Бала қарап үйде отыру мүлдем мүмкін емес-ті. Бұлар еңбек еткен зауыт жолдасы екеуіне шағын бір бөлмелі пәтер берді. Жұбайына бұл алданыш бола алған жоқ-ты. Ол «өз шаңырағым тұрғанда, жалғыз қызым ата-ананың аялы алақанының жылуын сезе алмай шетте жүр» деп онан бетер қайғырған еді. Ақыры сол қайғы түбіне жетті. «Күйесіз қазан жоқ, қайғысыз адам жоқ» демекші, бұл да іштей егілетін күйеуіне сездірмей. Жалғыз құрсақтан артық көтере алмады. Күйеуіне жұбаныш болар бір ұл тауып беру орындалмас арман боп қалды. Зауыттағы ауыр жұмыс денсаулығына зақым келтірген екен. Оны кеш білді. Амал жоқ. Интернатта кәмелетке толған қыз сонда теңін тауып тұрмыс құрды. Іштей қуанған «тең – теңімен, тезек – қабымен» деп. Күйеу бала да біреудің жалғызы. Әкесі ішкілікке салынып, өз денсаулығын өзі құртқан жан екен. Кемпірінің айтуымен жастарды өз шаңырақтарына алдыртып алған. «Біреу – біреуге сүйеу». Жалғыз ұлы көз алдында екеу боп оралғанға құдалар жағы едәуір марқайып қалған. Бұл да «тәубе» деп аракідік барып, хал сұрасып тұрды. Жас отауда бір қыз, бір ұл дүниеге келді. Құда-жекжат боп қуанысты. Бірақ... қуаныш ұзаққа бармады. Кемпір-шал бірінің артынан бірі дүниеден озды. Бейкүнә қос мұңлық дәрменсіз еді. Әкеден қалған мал жоқ. Шаңырағы қисайған ескі үйдің өзі аңғал-саңғал. Жәрдемақы жетімсіз. Қаһарлы қыс түсе, «жыртық үйді жел табардың» кері келді. Бүкіл ауыл боп отын-судан көмек етіп, әупірімдеп қыстан әрең шыққан отбасын ауылдастар қайта ересектер интернатына өткізуге шешім етті. Ал «онда бала-шағамен қабылдамайды» деген сылтаумен, мұның қызын, екі немересін бір барғанында бұған жетектетіп жіберді. Қисайған қара шаңырақ түтін түтетіп отыратын ешкім болмай, тозған қалпы, азынап қала берген. Сөйтіп, ауылдың бір шаңырағы ағайынның дәрменсіздігінен амалсыз қаңырап, ортасына түскен-ді. Сол жағдайдан бері мүгедек қызы немерелерімен бірге қолында. Артынан іздеуші табылмады. Бүгінде денсаулығын зауытқа берген қайратты анадан да қуат кетіп, мардымсыз зейнетақыға телмірген шүйкедей қара кемпірге айналды.
Соңғы үш-төрт айда қалалық әкімшілікпен арадағы үш шақырымдық осы жолдың ой-шұқыры әбден таныс боп қалды. Кемі жетісіне екі рет ары-бері жүре-жүре көзқимас, сүрлеуге айналғандай. Кейде құр сүлдесі қалған қарт кісіге аяныш танытқан әлдекімдер тоқтап, «апа, отырыңыз» деп көлікпен ала кетеді. Ондай да ілуде біреу. Көбіне жаяу-жалпы. Мүмкіндігі шектеулі жандар есебінде тұрғандарға әлеуметтік көмек ретінде арнайы тізіммен шағын үйлер салып беру мәселесі шыққалы осылай. Түрлі құжаттар түгендеп әуре. Бірі бітсе, бірі шығады. Әр мекеменің табалдырығын тоздырып, оларды жинау да қандай қиямет-қайымға айналды десеңізші! Енді нақты бір шешімді күтіп сарсаңға түсуде. «Ертең келіңіз, арғы күні келіңіз» деп, әйтеуір шеті көрінген іс бітер емес. «Кісідегінің кілті аспанда» екенін жақсы білсе де, ұрпағы үшін «беттің арын белбеуге түйіп алып» жүзі жылы жас жігіттің алдына жиі барады. Бұл «түсі игіден түңілмені» көңіліне жақын тұтқаны. Ол да басшысына жалтақтап, бірде – шөл, бірде – көл. Кейде күні ертең құжаттарды қолға ұстататындай дәмелендіріп қойса, кейде, тіпті, танымайтындай ат-тонын ала қашады. Ондайда «қарағым, шырағымдап» жүріп әрең жүзін жылытады. Енді қайтсін, өзгелер секілді қолына ұстата қояр көк тиыны жоқ. Шенеунік жігіттің қабағы ашылса іштей «тәубе» дейді. «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» екені белгілі. Шаруасы бір жақты тынса болғаны. «Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» дегенге әбден көндігіп алған. Үйде бір сәт тыныш жата алмайды.
Қарт ана көше бойындағы орындыққа ақырын тізе бүкті. Қарсы беттегі жол жағалай салынған зәулім үйлердің біріне көз тоқтата қарады. «Ойпырм-ай, заман-ай! Сәбет кезінде мынадай керемет үй салу ешкімнің түсіне де кірмейтін еді. Қазір «қолдан келсе, қоныштан басып» алып қалу заманы туған дейді. Баяғы ұят-аят дейтін келмеске кеткендей. Бәсеке деген пәле адамды дұрыс қасиеттерден ада қылуға айналды-ау. Бірінен бірі асып түсуге тырысып жатқан байшікештер өңшең. Әй, қайдам, мұндай дүние қуып, есіл-дерті ақша болған заманда қарапайым қазақы бауырмалдық та, өзгеге деген жанашырлық, мейірім де мақұрым қалады-ау. Күндіз-түні байлықты баққан адам бәрінен безер... Менікі не, безсе безер-дағы... күндестік қылғандай. «Аспаннан киіз жауғанда, сорлыға ұлтарақ та тимепті», біз бейбақ өмір бойы өкіметке еңбек етіп, қуықтай пәтер алғанымызға тақиямызды аспанға атып қуандық емес пе?! Енді, міне, сол үй тарлық етіп отыр. Мен оны-пұны боп кетсем, шиеттей бала-шаға қайтпек. Ер бала жұмысқа жарап қалды-ау, бірақ, жанары құрымағыр күннен-күнге суалып барады. Төрт-бес ай оқып мамандық алғанымен, аяқ астын көруден қалып, әнтек-тәнтек жүреді. Онысы өзіне намыс. Қатарынан қалып қала ма деп қорқам. Менде ғой «дәме бар да, дәрмен жоқ». «Шөп те басынан қурайды» демекші, кәрілік деген дауасыз дерт дендеп келеді. Тек тамырым шынардай мықты болса екен деймін. Сол – арман. Ал оған құнарлы нәр мен жақсы жағдай керек. Жан ұя отбасындағы әр жанның бапанасы, ұясы. Жылы ұя – жанға жайлы ұя. Жайлы ұя – берекелі үй. О, құдайым, соған жеткізе гөр! «Қанағат қарын тойғызар» деп, тапқан-талнғанымызбен жүрек жалғап, күн көріп келеміз. Балалар да жоқты сұрамауға үйренген. Енді қайтсін?! «Жетімге жеті бидай да тамақ» деп отырушы еді, әкем марқұм. Е-е, бір кем дүние-ай!»
Кейуана орнынан тұрып, әудем жерде көрініп тұрған әкімшілік ғимаратына бет алды. Ішке енгені сол еді, жүзі жылы жас жігіт алдынан жолыға кетті.
- Ой, апа, жолыққаныңыз қандай жақсы болды. Бері жүріңізші, – деп жұмыс бөлмесіне оңаша алып кірді.
- Апа, дайын үйдің реті биылға болмай тұр. «Құжаттар кеш түсті» дейді басшы. Сонда да сіздің жағдайыңызды ескеріп, «жер бөлінсін» деп отыр комиссия. Жер болса, амалдап, асарлатып болса да бірдеме тұрғызып аларсыз...
- Шырағым-ау, жеріңді қайтем, мен бейбақ. Оған балдардың шамасы қайда?! Асарлатып үй салар ағайын да жоқ.
- Апа, сонда да болса, ойланып көріңіз. Жерге жете алмай жүргендер қаншама?! Бірден бас тартпағаныңыз дұрыс. Қабырғаңызбен кеңесіңіз. Мен қазір асығыс ем. Бір хабарын сосын кеп айтарсыз, - деді жас жігіт орнынан тұра. Амалсыз сыртқа беттеген.
Енді, міне, түні бойы дөңбекшіп жатыр. Ұйқы қашқан. Өткен, кеткен өмір белестері бұлыңғыр елеске айналып, көз алдына келсе, сәтті, сәтсіз жағдайлар ойға оралып, зердесін тұмшалады. Алланың жазуымен бір мүшесі кемтар, дімкәс туған балаларын аяды. «Құдай-ай, мұнша жанымды қинайтындай не жазып ем?!» деп ойлады.
«Ағайын – алтау, ана – біреу». Бар ағайынның өзі баяғыда-ақ басы бірікпей, бет-бетімен кеткен. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Ал, балалы ана қашанда мейірімді боп қалмақ. Дүниеге әкелген ұрпағын қызғыштай қориды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелейді, әлпештейді. Бой жеткен қызын қияға қондырып, ұлының азамат боп өсіп, ел қатарына қосылғанына қуанады. «Тәубе» дейді. Отағасы, отанасы болып ұрпағыңмен ұйысып, жылы да жайлы жан ұяңда қайғы мұңсыз әдемі күн кешкенге не жетсін! Құдай біледі, «бала-шағаңның қызығына тоймай, немере, шөберелер көруге жазсын!» деген ең ізгі тілекті тек қазақтар ғана айтса керек. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дейтін де, «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейтін де тек қазақ-ау, шамасы. Ұрпағы үшін күйіп-піспек те бізге ғана тән секілді. Үш-төрт айдан бергі сандалысым да «осылар қиналып қалмасын» деген ниет қой менікі. Әркім шама-шарқынша жанұясының, баспанасының жайлы болғанын қалайды емес пе?!
Есі кіріп, оң-солын тани бастағанда мұның әкесі ауылдан шеткері үй салмақ болды. Қырға шықты, ойға түсті. Төңіректі біраз шарлады. Сөйтіп, бір күні жәпірейген ескі тоқал тамдың алдындағы үлкен жинденің көлеңкесіндегі дастарханда түскі шәйін сораптап отырып әңгіме шерткен. Ол кезде әке әңгімесіне онша мән бермеген. Мән берер жаста да емес еді. Оның кей сөздері ертегідей әсер етіп, мұның балаң пайымын таң қалдырып, санасына ұйып қалған-ды. Сол әңгіме әнтек-әнтек есіне түсті. «Адам баласы топырақтан жаралған дейді. Сол топырақтан жаралған пенде пана іздеп топырақтан үй салады. «Киелі де құнарлы топырақтан тұрғызылған баспана шаттыққа, бақытқа толы берекелі, ал нәрсіз де құнарсыз жердің кесегінен қаланған үйдің іші қайғы-қасіретке тап болып, берекесі қашып, бақытсыз күн кешеді. Ақыры қаңырап бос қалады», дейтін баяғыда бір атамыз. Аң да жақсы жерді кеулеп, жайлы ін қазады. Құстар да балапанына қауіпсіз қоныс іздейтін сияқты. Әне, анау қарлығаштың ұясын қараңдар. Сазбалшықтан әдемі салған. Құс екеш құстың да өз ұясы бар. Сонда өнеді, өседі. Адамның жан ұясы да тірлігіне сайлы, бала-шағасына жайлы болуы керек қой», деген.
Үй боғатының астына қарлығаш ұя салған. Әке-шешесі жақсылыққа жорып қуанған. Балалар қызық көрген. Сол қос қарлығаш келер жылы тағы да келді. Екеу ғана емес, ұшырып әкеткен балапандары бар. Бәрі жабылып,тұмсығымен топырақ тасып, ескі ұяның жанынан және екі ұя салды. Есіктің алдын қарлығаштардың жағымды әсем үні, тізіле отырып әуезді сайрауы кереметтей көңіл-күйге бөледі. «Ұясының кесегі қасиетті жерден болды-ау. Балапаны көбейіп, өсіп жатыр. Киелі топырақ деген ырыс шақырады. Ырыс болған жерде тұщымды тірлік, тыныш өмір болмақ. Мұндай нәрселер қарлығаш ұя салған үй иесіне де жұғысты болады деуші еді қариялар», деп шешесі патша көңілде, риза кейіпте жүрді. Құдай-ай де, боғаттағы ұяның қарлығашқа жайлы болғанына әке-шешесі балаша қуанды-ау, сонда. Не деген таза ниет, ақ көңіл, дархан жүрек. Қазір сол секілді өзгенің болған-толғанына, жетістігіне қуанатын адамдар қалды ма екен?! Қайдам. Күндеу, көре алмау, аяқтан шалу, өсек-аяң үдеп бара жатқандай жұрттың сөзіне қарағанда. Мұндайда қарапайым да таза пенде қайтпек?! Қайтіп күн көрмек?! Бала-шағасын қалай асырамақ?! Әлде, барлығы теріс жолға түсіп кетуі керек пе? Онда өмір не болмақ?! Қара ниеттер қаптаған қара түнек орнамай ма, мына жалғанда?!» Сансыз сұрақтың шешімін таппай, таң сыз бере көзі ілініп кетті. Түс көрді. Түс болғанда өзі ойлап жатқан арман-ойлар шындыққа айналып, қуанышы қойнына сыймай мәре-сәре. Немере ұл үйленіп, оймақтай керемет үйдің алдында беташар өтіп жатыр. Немересінің жанарынан бақыт оты ұшқын шашады. өте қуанышты. Жаңа түсіп жатқан жас келін де сүп-сүйкімді, қараторының сұлуы екен. Оларға мұнтаздай тап-таза, кіршіксіз әппақ киінген ақ сақалды, ақ сәлделі қария көпшіліктің алдында қол жайып, бата берді. «Дауысы қандай ашық, үні неткен әуезді еді» деп таң қалды. Айтқан тілегі ше?! Маржандай асыл сөздерді тере білген. Бұл да жүрегі алып-ұшып бата-тілекке елітіп тұрды. «Жас ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат: үйге – нұр, ұяға – көрік берсін; тұрмысқа – ажар, көңілге – базар берсін. Жас отаудың: босағасы – берік, шаңырағы – биік, дастарханы – кең, перзенттері мол, денсаулықтары зор болсын. Бақытты, дәулетті, сәулетті, көңілді ұзақ өмір сүрсін. Пек періштелер мен қырық шілтендер қанаттарымен қорғап жүрсін. Аумин!» Риза болған көпшілік бет сипасты. Тілекке ортақтасты. Кенет әлгі қария әнтек артына бұрылды да, бейтаныс әлдекім көтере ұстаған жайпақ табақтан бума кілт алып, жастарға күлімсірей ұсынды. Жүрегі жарылып кете жаздаған бұл «бақытты бол, ұлым!» деп, немересін құшақтай алды. Дауысы дірілдей қаттырақ шығып, кәрі жанардан жас парлады. Тоқтар емес...
Бүрісіп жатқан шүйкедей қара кемпір оянып кетті. Басына жастанған алақандай көнетоз жастық көз жасына малынып қалған еді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу