05.06.2021
  153


Автор: Бегалиев Нармахан

ЖАРЫҚШАҚ

Отан от басынан басталады.


Бауыржан Момышұлы

 


Аты жоқ бір сезімге ұқсас кеш еді,
Күңгірттікті ақсирақ жол кешеді.
Бара жатты бірте-бірте ұлғайып,
Тамшылардың сыпсың- сыпсың өсегі

. Батқан күннің сырын жұртқа жая алмай,
Батыс тұрды қызғылт нұрға боялмай.
Бұлттан- бұлтқа паналады сұрғылт Ай,
Қуғыншыдан қашқан қорқақ қояндай.

Үмітке ұқсас өкініштер ыршып кеп,
Өзекті алса, қалай ғана көншітпек,
Екі адамбыз. Көзден ұшты кең дала,
Машинада маңдай әйнек бүршіктеп.

Күтулі едік бұл сапардан сый ерек,
Келді қарсы түнде көкбет қиямет.
Дөңгелекке жабысқан ми батпаққа,
Үрей біткен қалған дерсің үйелеп.

О, қырсық –ай! Мимырт жүріс жолды ұтпай,
Барар меже бағытын да жөнді ұқпай,
Арып- ашып айдалаға тоқтадық,
Әділ биге жете алмаған шындықтай.

Дөп тиді де қырсық құрғыр атқан оқ,
Күдеріміз құлады қансоқта боп.
Қолдың ұшын ұсынатын жоқ ешкім,
Жоқ нәрсеге әрқашан да сот та жоқ.

Елестеткен тәтті тірлік елесін,
Алыстағы отта көңіл дәмесі.
Қоятындай қазір оны қылғытып,
Қараңғының қорқынышты өңеші.

Мен:

Жөнсіз шығар енді босқа дірдектеу,
Толастайтын емес енді күн тегі.
Түнгі ойдан таңғы қиял сергектеу,
Ертең ерте ақылдассақ қайтеді?

Жолсерік:
Сонау жарық... Соған жетіп қонар ма ең,
Шал тұрады онда үміті көнерген.
Қабірдегі құлпы тастай қарайып,
Қарар саған өлімсіген жанармен.

Сырт көзге ол жолаушыны жек көрмей,
Отырады ашуланбай, кектенбей,
Бет терісін тағдыр тырнап кеткендей,
Ал, шашына құрғақ күлді сепкендей.

Жігіт кезін– тамылжыған тамызды,
Жиі аңсайтын олқылығы бар ізгі,
Бәлкім, оның сазарады көңілі,
Бояуы оңған ауа райы тәрізді.

Жалындаған жігітке жар болғандай,
Сәл әйеншек әйелі бар ақ маңдай.
Биязы еді... Балқаймақтай дауысы,
Омырауы жаңа сауған саумалдай.

Сиқы қашып, сияқтанып тірі өлік,
Күңгірт қарап, шал отырса түнеріп,
Өз- өзінен қымсынады келіншек,
Үлпек бетте алқызыл қан үдеріп.

Уытынан ләззат дейтін тәтті удың,
Ұрттай алмай, жанға батып қатқыл мұң,
Шал отырса, жүреді жас келіншек,
Жеңіл қалқып мамығындай аққудың.

Шал мен келіншек... Аралары тым алыс,
Бір-бірінен тапты қандай жұбаныш?
Шығады ойнап кейде әйелдің жүзіне
Хрустальдай құбылмалы қуаныш.

Балбұл жанып, лезде қайта өшеді,
Табылмайды албырттықтың еш емі.
Бейуақытта ызғар шашар келіншекке
Шал кісінің сіреу қардай төсегі.

Кей кездері лықсып сезім тым ыстық,
Келіншектің кірпігінен күміс шық
Үзіледі. Жаныштайды қарияны,
Қорғасындай қайғы толы тыныштық.

Сол үйде мен түнді өткізіп бір сұмдық,
Үшкіл тағдыр үш төсекте күрсіндік.
Қарауытып бөлді біздің араны,
Қара судай ауыр қара дүрсіндік!

Деді ме әлде: « Қиянаттың қылышын,
Қылпылдатқан бүйткен күні құрысын.
Өксіп- өксіп жылады да келіншек,
Судай шашты терезенің шынысын.

Бұл мінезге қалған жандай еті өліп,
Таң атқанша отырды шал жөтеліп.
Келіншектің дауысынан сондағы
Келеді әлі қос құлағым бітеліп.

Лай судай сол қарттың жанары,
Ақ мақтадай келіншектің тамағы.
Қалтарыста бір-біріне кереғар,
Қиян-* кескі өмір өтіп барады.

Сонау жарық... Соған жетіп қонар ма ең,
Шал тұрады онда үміті көнерген...


Бірінші шегініс

Бой алдырмай үйбек- күйбек күйбеңге,
Не жетеді кінәратсыз сүйгенге№
Ойға баттым қасымдағы жігіттің
Қабағына ұйқы лебі тигенде.

«Әуейілік әуеніне сыбайлас,
Жүрген жандар – құмарлыққа құлай мас.
Құмарпаздың кей мінезі беймезгіл
Ожар шапқан шабандозға сыңайлас»

Қызбалықты жеңдіре алмай ерікке,
Желбеңдейтін жеңіл қанат желікке,
Мақтаншақтыың ұқсайды екен сөздері
Желқабызды көпсімелі көбікке.

Жете алмайсың алысына аптығып,
Бақыт емес секунд өмір сәттілік.
Үйді айналмай айнытады жүректі,
Тым сүйкімсіз, борсып кеткен тәттілік.

Махаббатты – шапағатты қуатты,
Арнамасаң мақсатыңа тұрақты,
Онда сенің жастық шағың дәрменсіз,
Аквариумдағы алтын балық сияқты.


ІІ

 


Алтын күз аккордтары.
Алатау баурайында –
Алматы апорттары.

Жатталған жаздың демі,
Нұр шалған жатық түстей.
Бұрсанған күздің желі
Бұйрық райлы етістіктей

Тораңғы қалтырады,
Хабардар бір сұмдықтан.
Бұлақтар жатыр әлі,
Арылмай сылқымдықтан.

Түспей – ақ терең ойға,
Мезгілді мойындасып,
Қайыңдар қарағайға,
Қалыпты қойындасып...

Көрініске осындағы
Сүйсіну сазы үндесіп.
Келіншек қасымдағы
Келеді әзілдесіп. – Әсершіл әйел біткен,
Ертегі айт. Ерте мені
Құтқарған кедейліктен
Ебі ерен ертегі еді.

Кезімде сөз бораған,
Ертегі болды ма ісім?
Бұршақты боз қараған,
Шаршапты шындық үшін.

Тірліктің бір күресін,
Тыңда, – деп аялдадым.
Жолсерік әңгімесін,
Түгелдей баяндадым.

Көңілмен құлазыған,
Тұрғандай шың ұшында,
Тіл қатты ол. Тоңазыған
Діріл бар дауысында.

Әйел:
Жалғыз сәуле көк тұманды түретін,
Көілімде жалтылдайтын, к.летін.
Мендегі үнсіз уайымды үнемі
Кереметтей үміт кернеп жүретін.
Дейді халық: «Жауластырмақ жаушыдан,
Елдестірмек – елшіден»
Кім едіңіз сіз сырымды білетін?

Мен:

Нендей сыр? Бұл әңгіме сылтау дағы,
Көзіңе, қалқам, неге бұлт аунады?
Қақпағыл ойнаймын деп, түстім білем,
Қым- қуыт құпияңа қымтаудағы.

Әйел:
Көкірегімнің мәңгі ерімес мұзы бар,
Жібу үшін керек оған қанша алау?
Сайтан сауған серілерден сөзуар,
Артық еді сақал сауған шал сонау.

Мен:
Бордай босап, түсірмеші еңсені,
Шығар болды жүрегімнің ел- селі.
Азарлығы сен шығарсың, қарғам-ау,
Қарияның қам көңілді келіншегі?

Әйел:
Қиянаттың қапырығында қалған іс,
Күдірейтіп, қалай қайта жауықты?
Құпия сыр – қамаудағы жолбарыс,
Сәл босатсаң – қауіпті!

Тірліктегі дәрменімнің дәруі –
Арманымды өзімшілдер аз ұқты.
Қалтыратып қазамырлық қаруы,
Жүйкелердің сор соғысы қажытты.

Мен:
Жүрек әккі, сау еді ақыл назары,
Аңғал айтып, күнәкәрің болдым ба?
Қуқыл тартып бара жатыр ажарың,
Ойда жоқта ойсыпратып алдым ба?

Әйел:
Тіршілікте тілкімделмей тілегің,
Құт күлкіңмен ертеңіңнен табылсаң.
Бағыну да шын бақыт деп білемін,
Өз ожданың, өз еркіңмен бағынсаң.

Сағынумен жолдарымның жалғасын,
Мен әдептің аясында ерке өстім.
Тұрмыс құрдым, артист еді жолдасым,
Үйге келсе, мінезі де өзгерді.

Келешектің шапағына сендім де,
Жас жанымнан қайғы шаңын сілкідім...
Көзі күлмей, тұрды оның ернінде
Көлеңкесі көңілсіздеу күлкінің.

Өз қағымнан жерімедім құландай,
Үгіткенге ұн болайын мен неге№
Ирелеңдеп қара шұбар жыландай,
Кірді күдік күнәдан пәк кеудеме.

Оңашада өз арыммен тілдестім,
Үміт, шыдам, сенім сәл-ақ сетілмей.
Сырды бүгіп, сүлесоқтау күн кештім,
Алақаннан ая күткен жетімдей.

Болғаннан соң жарасымды жар қымбат,
Тосын тиген сөзіне де тосылдым.
Ақырында алды ол мені алқымнап,
Айбатымен ақиланған ашудың.

Басына бұлт оралмай ақ адасты,
Ішкілікке құрбан етіп парызды.
Ыза дерті жеңді мені ағашты
Кішкене құрт қиятыны тәрізді.

Біздің сәби сыйластық та тез өлді,
Өртенумен күлге айналды көңілді ой.
Мылқау мылтық маған талай кезелді,
Қашан да оқтың іздейтіні өлім ғой.

Ақылға емес, сеніп қара күшіне,
Отызында ол қартаймай-ақ алжасты.
Араққа әуес адамдардың түсіне
Енеді екен алабажыр албасты.

Еңірегенде етек толған жасымды
Төрт қабырға жасыратын міз қақпай.
Екі ұлыснан еркелік те басылды,
Ойда жоқта нөсер соққан маздақтай.

Ұзақ таңға тәнім мұздап, жан сыздап,
Халге жеттім жұмысым да өнбейтін.
Қырқылуға сәл- ақ тұрды онсыз да
Қысқа ғұмыр қымқауға да келмейтін.

Екінші шегініс
Алданбаған албырт шақта жүрегің,
Адалдығың, аңғалдығың сорлайды.
Кейбір кезде ғашықтықтың ролін
Сахнада опасыздық ойнайды.


ІІІ

 


Қып қызыл күн аппақ қарға қонақтап,
Момын өртті мойындап тұр дала аппақ.
Кешқұрымда келе жатыр үш адам,
Өкінішін үмітіне сабақтап.

Қилы- қилы қиялдардың әлемі,
Қызықтырған екеуі уыз бала еді
Үшіншісі еміс- еміс елестің
Етегіне оратылып келеді.

Елес:

Оқтар орып, Бомба борап аспаннан,
Біздің ерлік қайғымыздан басталған.
Қиын- қыстау, қидаласу кезінде
Бухенвальдтың тозағына тасталған,
Мен әкеңмін! Жетпей сенің жасыңа
Жау өлігін жастанған.

«Осал еді» дей алмаймын жау жайлы,
Содан өрген әлі тірі жүр қайғы.
Есте сақта. Ар, ождансыз арпалыс
Ешқашан да азаматтық болмайды.

Тиіссіңдер қастерлеуге барлығың –
Күнді, Жерді, гүлді, ауаны, таң нұрын.
Жеке тағдыр мән болған жоқ майданда,
Біз ойладық болашақтың тағдырын.

Инелермен сөлді сорып мидағы,
Дұшпан күнде күйдіргімен қинады.
Таңба сыйды, сор да сыйды маңдайға,
Туған жерге жетіп өлу сыймады.

Соғыс аты сызылса да сөздіктен,
Шырқыраған шыбын жаннан бездік те,
Опат болдық. Бірақ ұлы рухтың
Еңсесін біз ездірмедік ездікке.

Алмайтұғын жасыра да, жоғалта,
Қасіретпіз, түскен жоқпыз әлі орта.
Тірілердің шыжғырады жүрегін
Бухенвальдтан ыршып түскен қоламта.

Қасіретпіз, сұрапылды көшкіннен.
Тас кереңнің өзіне де естілген.
Қуаныш та қажет емес біздерге,
Бақыттыда сұрамаймыз ешкімнен.

Жиырмасыншы ғасырыңның осы біз,
Омырауына қатқан қанды жасымыз.
Қорқынышты емес бізге ешнәрсе,
Даңқтан да айналмайды басымыз.

Есептемес ешкімнің де байлығын,
Қамауында қалдық мәңгі қайғының.
Бізге емес, Қажет өршіл даңқымыз
Асырауға тірілердің айбынын.

Тарихыңа жасамадық қас қылық,
Тозаңына ол тастай алмас бастырып.
Революция рауанымыз – рухпыз,
Рухсыздан күтпеу керек жақсылық!

Жанып біткен күлгін күлге ұсаған,
Күңгірт кеште арыла алмай құсадан.
Қанша жерге жететіні беймәләм,
Ымыртқа ығып бара жатты үш адам.

Әйел:

Ынтасы мұз төсеніп, суып қалған,
Жанары ызасымен уыттанған,
Тар табан тараулары тағдырының,
Белгісіз белдеулермен тұйықталған.

Бейкүнә тіршілігін бүлік қандап,
Қорқаудай қорқынышын күдік қолдап,
Өліп- өшкен өзегін жұбатуға,
Ас орнына ақ қылаң үміт талмап.

Айдауыл аяз қалмай қыр соңынан,
Адасып арманының нұр шағынан,
Біз едік құтыла алмай бара жатқан,
Қырсықтың қырық қабат құрсайынан.

Нәзіктік қаталдақпен белдесумен,
Өлмей-ақ өттік сонау сор кешуден.
Екі ұл, жалғыз ана аман қалдық,
Біріміз- бірімізбен селбесумен.

Дем беріп, сүйеу болған жылағанда,
Қарыздар шығармын мен мың адамға.
Уды балға сатпадым. Екі ұлдың
Қайғысын қызығыммен жуа алам ба?

Су сеуіп алабұртқан сезіміме,
Тірліктің күзге ауды жазы, міне.
Күнәсіздік бақыт па? Онда анау
Күнәсәз екі ұлдың жазығы не?

... Десем де көз жасымды ыршытпайын,
Төзімді қалай ғана сыңсытпайын?
Үстіме келіншек түсті ... маскүнемнің
Мас болған құсығына қаншықтайын.

От өшті онсыз дағы жүрген ептеп,
Біз солай кете бардық түнге беттеп.
Ез қалды жұдырықпен ауа тіліп,
Қандауыз «қашншық» қалды үргелектеп
. Шал қалды арпалысып жөтелменен,
(Не қалды ол байқұста екі өлмеген?)
Сол қария күйеуімнің әкесі еді,
Ұлынан ақ тілеуі өтелмеген.

Қандай күш кешкенімен сұрқиялы,
Перзентін жаманатқа кім қияды№
Құлады ол опасыздық оқпанына,
Оңдырмай өзін теуіп өз тұяғы.

Еңсесін ездік емген есіл ердің,
Қайғысын мына мендей түсінер кім№
Сол қария Ұлы Отанның солдаты еді,
Табы бар тағдырында Кіші жердің.

Кіші жер– тағдырымыз, тірегіміз,
Кіші жер – өрттен шыққан Ұлы Еліміз.
Қорғалған аға ұрпақтың арыменен,
Кіші жер – сіз бен біздің жүрегіміз.

Кіші жер – шаттық сыйлар гүл егінің,
Кіші жер – алға асыққан ұлы өмірің.
... сол қария қазір менің үйімде отыр
Кім тастар қорғаушысын жүрегінің.

Желеу көп жетесізге, желіккенге,
Мен ермек бола алмадым еріккеге.
Қаматып « асыл жарын» анау келіншек,
Жүр дейді жұрт қабылдап зеріккенде.

Бояма бақытың да болар қайғы,
Қуаныш қоспа сөзден құралмайды.
Екі ұлға шындықты айттым , диқандар да,
Егінін қант қосып суармайды.



ЭПИЛОГ




Боласың кейде шерменде,
Тайғанақ тұрлаусыздықтан,
Нар сенімдердің жығылған сәтін көргенде.

Намысты ойлап шаң басқан,
Шартылдап сынып, төбеме төніп қалды аспан.
Басқа біреудің ызасымен жанып отырмын,
Жөндеп те жылай алмастан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу