28.05.2021
  1145


Автор: Гүлдәрия Әшірбаева

ЕҢ ӘДЕМІ ГҮЛ

   Ерте-ерте, ертеде қардың көбесі сөгіліп, күн жылына бастағаннан, алуан түрлі гүлдердің салтанатты шеруі басталыпты. Сұлулығы бірінен-бірі асқан дала гүлдері тау баурайларында, жоталарда, аулалар мен гүлзар бақтарда жайқала өсіп, жер-дүниені құлпырта түсіпті.
       Ең бірінші қар астынан Бәйшешек қылтиып, адамзатқа көктемнің таяу қалғанын хабарлапты. Артынша Жауқазын, Наурызгүл, Қызғалдақ, Сарғалдақтар қырларда көз сүйсінтеді. Нәркес, Ерінгүл, Кекіре, Сүмбілшаш, Лаңса, Еңлікгүл, Кермек, Гүлқайыр, Таушұғынық, Таушымылдық, Құралайгүл, бірінен соң бірі гүл жара бастайды. Кең-байтақ алқаптар тіпті сұлуланып кетіпті.
       Көп гүлдің арасынан өзіне жиі-жиі сұқтана қараған назарларды аңдаған Түймедақ:
       − Сендер байқадыңдар ма?! Мен қандай әдемімін! Мына дүниеде менен асқан сұлу гүл жоқ! − деп мақтаныпты.
       Мұны естіген басқа гүлдер шулап:
       − Біз де әдеміміз!
       − О, не дегенің?! – деседі ренжіп.
       Басы желмен үлпілдеген Бақбақ:
       − Сонда сенің қай жерің сұлу? – дейді шамданып.
       − Қарамайсың ба? Баданадай ірі күлтелерім – аппақ, алыстан көз тартамын. Қашан қарасаң да, күндей күліп тұрам. Менің сүйкімділігімді аралар мен шыбын-шіркейлер де біледі. Сен әдемі болсаң, саған да қонақтамас па?!
       − Қай жер болса, сол жерде құжынап жүрген шыбын-шіркейдің үстіңе қонақтағаны да, сөз болып па?! Мен гүлдегенде, жер бетін сары кілеммен жауып, жәндік атаулыны қауызымнан ұшырмай қойғам.
       − А-һа-һа-һа! Енді қайда сол келбетің? Ұсқыныңа қарасаңшы, жел «үф» етсе, ұшайын деп тұрғаныңды білемісің?
       − Менің маусымым өтті. Бұл жағдай ертең сенің де басыңа келеді. Гүлдеу мерзімің біткенде, жаныңдағы жайнап өскен гүлге қарап, осы күніңді аңсайтын боласың әлі, − деді Бақбақ мұңайып.
       − Түймедақ, Бақбақтың айтқаны жөн. Өзің түймедей болып ап, неге өзімшілсің? Шамалы уақыттан кейін, күлтелерің қуарып, ұйтқыған жел сенің де сықпытыңды қашырар, − деді Қалампыр.
       Түймедақ мың бұралып сықылықтады. Күлкісін тия алмай:
       − Хи-хи-хи-хи! Бәрің маған жабылып кеттіңдер ғой, түге! Сұлу сымбатымды көре алмай тұрсыңдар-ау, осы − деді көңілді қалпын бұзбай.
       Түймедақтың астамшыл қылығы Құртқашашты қатты ашуландырды:
       − Әй, Түймедақ! Мен ақ, сары, күлгін, қызғылт түсті гүл атқанда, сен қылтиған көк шөп едің. Сонда: «Ең әдемі гүл – менмін!» − деп мақтанбадым. Меніңше, ең әдемі гүл – қызғалдақтар мен сарғалдақтар. Оларды адамдар да жақсы таниды. Әдейілеп теруге келеді. Ал бізді кім елеп-ескеріп жатыр?! Ерекше әдемі болсақ, бізді де термес пе, танымас па!? Адамдардың аялы алақанын сағынып, күннің астында, желдің өтінде тұрысымыз мынау.
       − Қадірменді Құртқашаш! Бізді адамдар танымаса – танымасын, термесе – термесін! Осы күнімізге де тәубе! Қайта қызғалдақтардың танымалдылығы мен әдемілігі өздеріне сор болып, түп-тұқиянымен құрып бара жатқан жоқ па? – деп басу айтты Сүмбілшаш.
       − Мына сөздің жаны бар. Сүмбілшашты құптаймын. Дүниеде тыныш өмір сүріп, өніп-өскенге не жетсін! «Әдемімін» деп кеуде соғу – ақымақтық, − деді Мыңжапырақ майысып.
       Кенет Лалагүл:
       − Әй, тиышталыңдар түге! Көрмейсіңдер ме, адамдар келе жатыр... гиги и скорость Гүлдер әп-сәтте үркіп, дабыраған у-шу сап тыйылды.
       Шынымен-ақ, жап-жасыл қыраттың үстінде бір бозбала мен бойжеткен келе жатыр.
       − Ой, мына гүлдерді қара! Қандай әдемі! − Қыз бала жайқалған гүлдерге сұқтана қарап тұрып қалды.
       Гүлдердің бәрі демдерін ішіне тартып: «Өлген жеріміз осы болды,» − десті қорқып.
       Бозбала:
       − Әдемілікті көргің келсе, сені мұнда наурыз айының соңы мен сәуір айының басында ертіп келейін. Сондағы бұл беткейді көрсең!.. Ой-ой-ой! Сап-сары сарғалдақтар, шоқтай қызғалдақтар қыр біткенді құлпыртып жібергенде, тәйірі, мына гүлдер жолда қалады.
       Қыз жанарын лезде мұң кіреукеледі.
       Жігіт қызды мұңайтқысы келмей:
       − Шын айтам. Мына гүлдер әдемі болғанмен, қызғалдақтар мен сарғалдақтар тәрізді көз қарықтыра алмайды, − деді тағы.
       Бойжеткен үндемей, гүлдерді көзбен аялады.
       Жігіт тек тұрмастан:
       − Мен саған бір аңыз айтайыншы, − деді қыздан өтініп. Қыз тыңдауға ықылас танытты.
       − Бағзы заманда, тү-үу-уу жер түбіндегі Голландия деген елден, бір бай жиһанкез қазақ сахарасына келіпті. Ол жергілікті баймен бірге жайлау төрінде келе жатса, алдынан көздің жауын алып, қызғалдақтар мен сарғалдақтар гүл атқан қыратқа кез болыпты. Шетелдік бай ерекше сұлу, хош иісті гүлге қатты қызығады. Байдан осы екі гүлді өзіне сатуын сұранады. Бай қонақтың меселін қайтармапты. Шетелдік көпес те мәрт екен, екі қадақ алтын беріп, бір түп қызғалдақ пен бір түп сарғалдақты сатып алыпты. Ол қазақ даласынан апарылған қызғалдақ пен сарғалдақтың пиязшықтарын Голландияда өсіріп, оны көбейту және сұрыптау ісін жолға қойып, отанын қызғалдақты, сарғалдақты алқаптарға айналдырыпты. Гүл өндірісін дамыту арқылы, толағай табыстарға жетіпті.
       Жігіт сөзін аяқтап, қызға қарады.
       Қыз бала:
       − Табиғатты сүйетін, сондай байлардың қатары көбейе берсе екен... − деді сүйсініп.
       Олар өзара әңгімелесіп, гүлдердің жанынан баяу өте берді...
       − Уһ, жанымыз-ай! Аман-есен қалғанымызға шүкір! − Гүлдер қорқыныштан арылып, бойларын тіктей бастады.
       − Жасыл желектің қадірін білмейтін әлдекімдер болса, бізді бас салып жұлып, көктей солдырар еді-ау, ә!
       − Көсегелері көгерсін! Міне, тәрбиелі балалар.
       Гүлдер дән риза кейіппен, бозбала мен бойжеткеннің артынан қарайлап қала берді.
       Тез есін жиған Құртқашаш:
       − Әне, есіттіңдер ғой! Адамзат атаулының қызғалдақтар мен сарғалдақтарды жоғары бағалайтыны рас. Оны мойындауымыз керек.
       Түймедақтың күндей күліп тұрған қабағына әп-сәтте кірбің ұялады:
       − Сонда жер бетіндегі ең әдемі гүл қайсы? Айтыңдаршы... гиги и скоростьТау баурайында, белестерде, гүлзар-бақтарда мың құбылған әсем гүлдер Түймедақтың сұрағына жауап іздеді.
       − Дауыл соқса да, түрлі-түсті күлтелерім «қыңқ» етпей тұра беретін, мүмкін, мен әдемі шығармын, − деді Желайдар.
       − Төзімділігің өзіңе, айналайын, Желайдар! Мен әдемі гүлдеймін, әрі адамзатты емдеймін! Сенде сондай қасиет бар ма? – деді оттай қызарған Алаугүл.
       − Тәйірі, дәрілік қасиетіңді қоя тұр! Ол қасиет менде де бар. Бірақ мен сияқты ерте көктемнен, қара күзге дейін тоқтаусыз гүлдеп тұра алармысың, сен байғұс! – деп керілді Күреңот.
       − Мен Күреңоттан да төзімдімін. Төзімділігім соншалық, қар төпелеп жауып тұрса да, жұпарымды шашып, гүлдей берем. Жер бетінде менімен теңесер гүл қайда?! – деді Бақытгүл.
       «Гүлдерді тікеніммен шабақтап аламын ба» деп жүрексінген Раушангүл топтан шеткері тұрған:
       − Сендер өздеріңді «ең әдемі гүл» санайсыңдар. Бірақ мені ел-жұрт «Гүлдің сұлтаны» − дейді ғой. Соған қарағанда ең әдемі гүл – менмін! – деді мақтанышпен.
       − «Гүлдің сұлтаны» екеніңіз рас! Дегенмен, сабағыңыздағы тікенектерді қайтпексіз! Жанай өткеннің бәрін жәбірлеп, не денесін қанатасыз, не киімін жыртасыз. Сізді айналаңызға тікенектеріңіз жексұрын көрсетіп тұрады. Ешкімге залалы жоқ, хош иісі аңқыған гүлдің төресі – алдыңызда тұр! – деді Раушанға ізетпен қараған Қалампыр.
       Айтыс қыза түсті. Бастапқыда бір-бірін тыңдаған олар, енді сөзге қонақ бермей шуылдап кетті. Таластан Еңлікгүл, Шөмішгүл, Кілемгүл, Қынагүл, Шырайгүл, Өлмесгүл, Жұпаргүл, Намазшам, Сәлбенгүл, Қашқаргүл, Сарыбарқыт, Түнгі шырақ, Ханшайым, Қазтамақ, Алтыншар, Жібекшөп, Құралайгүл, Нарғызгүл, Назтүрік, Рауғаш, Шырмауық, Бөрітарақ та құр қалмады. Бәрінің де айтары:
       − Ең әдемі гүл – менмін! Мен-мін! Ме-ее-ен!
       Сол маңайда ара, көбелек, құмырсқа, шымшық өз тіршіліктерімен жүрген болатын. Талас қыза бастаған соң, гүлдер олардан төрелік айтуды сұранды:
       ─ Ара-ара! Сен айтшы, қайсымыз әдеміміз?
       ─ Ыз-ызз! Мен білетін гүлдердің бәрі тәтті. Қай гүлдің қауызына қонсам да, шырынға бөгіп, қарным лезде тыңқияды. Осы өмірде гүлдердің бары қандай жақсы! Ыз-ыз! Ыы-ыз-ыз! ─ деді ара.
       ─ Құмырсқа-құмырсқа! Ең әдемі гүлді аташы...
       Гүл ұрықтарының кепкен дәнін тасып жүрген құмырсқа маңдай терін бір сүртіп:
       ─ Гүлдер ме, гүлдерге рахмет! Солардың арқасында несібемді теріп жеп жүрмін. Жер бетінде жаман гүл жоқ. Гүлдің бәрі де әдемі! − деді оларға ілтипатпен қарап.
       Шуылдаған гүлдердің айналасында шықылықтап ұшып-қонып жүрген торғайдан:
       − Шымшық-шымшық! Біздің қайсымыз әдеміміз, көрсете қойшы! − деді майысып.
       − Шиқ-шиқ, шиқ-шиқ! Сендер сондай сұлусыңдар! Мен сендерге дән ризамын. Әсіресе, алма, шие, тұт ағаштарына мың алғыс!
       − Ақымақсың ба, алма, шие, тұт ағаштары гүлге жатпайды, − деді Түймедақ жалма-жан.
       − Шиқ-шиқ-шиқ! Жатады, жатады! Шиқ-шиқ-шиқ! Неге жатпайды? Олар гүл атқанда қандай көрікті! Шиқ-шиқ-шиқ! − Шымшық алма ағашын шыр айналып ұшып, бұтақтан-бұтаққа қонақтады.
       Құстың жауабы гүлдерге ұнамады.
       ─ Көбелек-көбелек! Сен айтшы, ең әдемі гүл қайсы?
       Әсем қанатын желпіп-желпіп, мұртшаларын ширатқан көбелек:
       ─ Ең әдемі гүл деймісіңдер?! Ім-мм, әдемі гүлдер жер бетінде көп қой. Меніңше, ең әдемі гүл ─ беде, кәдуілгі жоңышқа сияқты. Себебі ол көк майсалы, хош иісті, малға − азық, жерге − тыңайтқыш, ал біздерге − мекен.
       − Қайдағы бір шөпті «гүл» деп әспеттедің-ау, сенде, − деп кіжінді гүлдердің бірі.
       Бір тоқтамға келе алмаған олар, өмір бойы гүл өсірумен айналысып келе жатқан атақты гүлпаздың алдына жүгінулеріне тура келді. Ол көп ойланып:
       − Гүлдерім-ау, мен сендердің бәріңді де жақсы көремін. Әрқайсыңның бойларыңда өздеріңе ғана тән сүйкімділік бар. Біріңді – көпжылдық болғаның үшін, біріңді – біржылдық болсаң да, өте ұзақ гүлдегендерің үшін қадір тұтам. Енді бірің – емдік, дәрумендік қасиеттеріңмен, жұпар иістеріңмен, айқын-қанық түстеріңмен, сырт көзді арбап, қоршаған ортаға сән бересіңдер. Қалалар мен ауылдардың ажары сендерсіз ашылмайды. Бүкіл адамзат сендердің көріктеріңнен ләззәт алады, хош иістерің жан сарайын ашады, көңіл-күйлерін көтереді, тіпті дертіне дауа табады. Мен үшін бәрің де әдемісіңдер, − деді.
       Бұл жауапқа қанағаттанбаған гүлдер тағы да таласып кетті.
       Кенет аспанда күн күркіреп, найзағай ойнады. Шу-шу еткен гүлдер жаңбырдан қауіптеніп, көкжиекке қарағанда, қабақтарына бұлт түйіліп, ашуланып тұрған Тау-атаны көрді.
       − Сендер неге адамды тыңдамайсыңдар, аа-а?
       Ол сөйлегенде шыңдар қозғалып, қырлар жаңғырықты. Қаһарлы үннен қаймыққан гүлдер тым-тырыс бола қалып, көкке мойындарын созды.
       Тау-ата:
       − Қарақтары-ыы-ым, мені білесіңдер, жаһандағының бәрін төбеден бақылап тұрған, ең биік таумын. Айтыстарыңды ести тұра, үндемей қала алмаймын.
       Егер біз жер бетіндегі бір ғана гүлді әдемі деп тауып, дүниеге сол гүлді ғана таратар болсақ, бір түстен әлем жалығады. Көре-көре көз талады. Дерт асқына келе, жер-дүниені бойкүйездік, енжарлық меңдейді. Даму үдерісі тежеледі. Бүкіл тіршілік иелері бір-бірінен жалығып, зұлымдық артады. Салдарынан соғыс көбейеді. Бұл − жақсы емес. Дүниедегі бүкіл тіршілік бейбітшілік пен тыныштықты қалайды, яғни сендердің әлемді тұрақтандыруға қосатын үлестерің шексіз. Сендер осыны білесіңдер ме?! Білмейсіңдер! Барша гүл тіршіліктің өмір сүруге іңкәрлігін оята келіп, достық сезімдерін ұлғайтуға, ұлт пен ұлыстың ынтымақтастығын жарастыруға өлшеусіз еңбек сіңіріп жатыр.
       Көшелерге қараңдаршы! Түрлі-түсті мәшинелер әрлі-берлі ызғуда. Олар адамзатқа алуан түрлі қызмет көрсетеді. Бірі − адам, екіншісі − жүк тасиды. Адам тасымалдаушы көліктің өзі сан алуан: автобус, троллейбус, трамвай, ұшақ, тікұшақ, кеме, қайық т.б. Оларды бір үлгімен, әрі бір ғана қызмет түрін көрсетуге лайықтап жасаса, шаруаға тиімділігі болмайды. Және олар сендер сияқты «Мен әдемімін!» немесе «Мен мықтымын!» − деп мақтанып жатқан жоқ.
       Солар тәрізді сендер де түрлі-түсті реңдеріңмен, тіршілікке қызмет етесіңдер. Адамзат атаулының жаны мен жанарына әдемілік пен әсемдікті сезіндіру арқылы, тыныштықтың, сұлулықтың қадірін ұғындырасыңдар. Гүлдердің бәрі әдемі! Жер бетінде жаман гүл жоқ! Көбелек пен шымшық айтқандайын, тұттың жемісі, жоңышқа мен шие, алма ағаштарының гүлдері де керемет! Жер бетіндегі әдеміліктің бәрі тіршілік үшін, білдіңдер ме, қарақтары-ыы-ым! − деді күркіреп.
       − Түсіндік ата, түсіндік! − деп шуылдасты гүлдер.
       Көп ішінде Түймедақ қана, өзінің мақтаншақтығы мен менмендігі үшін ұялып қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу