Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  288


Автор: Әбділда Тәжібаев

Майданнан хат

Келді хатың қысқа жазған
Сағындырған жыл құсындай;
Көп махаббат алдым аздан,
Болсын хаттың бәрі осындай.
Әрбір сөзің сезсең, сәулем,
Жүрегіме құйды қуат,
Әр жігіттің сүйген жары
Жаза білсін осындай хат...
Жолдастарым аман тегіс,
Зор майданда жүрміз бірге.
Оқтан ұшқан үш жүз неміс
Жазулы тұр есебімде.
Күн ұзарды, жер көгерді
Даласында Украинаның,
Жас гүлдері қуат берді
Ортасында өскен қанның.
Гүлдер бізді бұлғап басын
Шақырады күнде ілгері:
Ант іштік біз тоқтамасқа
Тазарғанша гүлдер елі.
Көп жазуға уақытым тар,
Шабуылға кеттім, жарым.
Достардың да сәлемін ал,
Көріскенше қош бол, жаным!

1942




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу