Өлеңдер ✍️

  23.03.2024
  59


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Ерлерім – менің мақтаным

(Жас жыраулардың айтуына арналған терме)
О...у...
Шоғын үрлеп көңілдің,
Мақтанайын тойда бір.
Батырлары елімнің
Жадымда әр кез, ойда жүр.
Алып келген Жеңісті
Көппен бірге сол ерлер.
Тұншықтырған соғысты
Менің де елім кеменгер.
 Ерліктерін ерлердің
Жырға қосып көрейін.
Батырларын мен де елдің
Санамалап берейін.
Жөн болады-ау жыр басын
Панфиловтан бастаған.
Қол бастатып тумасын
Аттандырған астанам.
Әскері оның – нұр жалын,
Бата алған халықтан.
Барған беттен
Сұм жаудың
Әкелерін танытқан.
Тосқауылға ерте кеп,
Жиырма сегіз ұл жатты.
Таяп қалды ентелеп
Елу танкі қуатты.
– Біреуің де өтпейсің,
Құр бекерге бөспеңдер!
Сұм ойыңа жетпейсің,
Жібермейміз! – десті ерлер.
Арпалысқан қанша уақыт
Алапатты көрді жер.
Бар танкіні жамсатып,
Жатты жиырма сегіз ер.
Ер Бауыржан атамыз.
Дивизия бастаған.
Дұшпанына – қатал,мұз,
Ерліктері – дастан, ән.
Көппен ерлік жасауға
Керек білім, мол айла.
Ойсыратып қашанда
Жауды жеңу оңай ма?
Қыран қабақ атаны
Әр жауынгер пір тұтқан.
Қандай әрбір мақалы,
Тыңдауға жұрт ынтыққан!
Мәлік атам ерледі,
Ерлігімен мәлім боп.
Жанды және еңбегі
Академик – ғалым боп.
Есіне алса кімде-кім,
Төлегендей ағаны,
Шыдап тұру мүмкін бе,
Әркім таңдай қағады.
Халқым қалай ұмытсын
Қымбаттысын, асылын,
Қос жұлдызы шығыстың –
Әлиясын, Мәншүгін.
Қырылса әскер – ерге сын,
Қалай төзбек саналы ұл.
Оққа тосып кеудесін
Қалқан болған Ағаділ.
Жау ДЗОТ-ын Сұлтан да
Кеудесімен жапқан-ды.
Лап қойғанда жұрт алға,
Жау табанда тапталды.
Талай өртке, жалынға
Куә болып тұрды аспан.
Батыр ұшқыштардың да
Ерліктері бір дастан.
 Талғат аға ер аға
Луганский достасқан.
Павлов пен Беда да
Жұлдыз таққан қос-қостан.
Қасым ата Қайсенов
Ер партизан – Қаһарман.
Жасағанын қанша ерлік
Сұрап алғам атамнан.
Рейхстагқа ту тіккен
Рахымжан ағаны
Аңыз етіп жұрт біткен,
Жиі еске алады...
Келе-келе естілер
Жырларымнан ер талай!
Отандасым – бес жүз ер,
Мақтанбайын мен қалай?!
Ел ерлерін елжіреп
Құрметтейді мәңгілік.
Батырларды ержүрек
Шырқаймыз біз ән қылып.
Сағадат Нұрмағамбетовтың немересі рөліндегі оқушы:
Атам менің ержүрек –
Нұрмағамбетов Сағадат.
Қас батырдың өзі деп,
Құрметтейді ел бағалап.
Азаттық таңы атқанда,
Былай қалып Мәскеуің,
Қазақ елін сақтауға
Құрды алғаш әскерін.
Құрметтейтін сүйікті ел,
Не қиынды жеңе алар.
Ата жолын қуып мен,
Болсам деймін генерал.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу