21.03.2024
  53


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Аққала

Қар жауғанда
Топ бала
Соқтық келiп
Аққала.
Мұрны – сәбiз үп-үшкiр,
Көзi – көмiр қап-қара.
Көне шелек – басында,
Сыпырғышы – қолында.
Мұз айдынды аршуға
Келгендей-ақ ол мұнда.
Бiрақ та тұр жабығып,
Түйiп алып қабағын.
Таба алмадық жабылып,
Күлдiрудiң амалын.
– Тұра бермей құр қарап,
Аққаланың алдында,
Тебейiк, – деп, – сырғанақ, –
Түстiк келiп айдынға.
Көбейдi тым арада
Тұрып қалған кезiмiз.
Түнерген аққалаға
Түсе бердi көзiмiз.
Оның тұнжыр жүзiнде
Тұнып тұрды ызғары.
Содан соң ба,
Бiздiң де
Ойынымыз қызбады.
Қарап тұрса бүйiрден
Бiреу
Жүзiн мұң шалып,
Өзгеге де
Кiм бiлген
Ауырлығын мұншалық...
Басын тежеп «атының»,
Түстi осы сәт iнiм кеп.
Аққалаға ақырын
Жақындады күлiмдеп.
Қарады да анықтап,
– Сұлуын, – деп, – өзiнiң! –
Құлағына бағыттап,
Сызды екі езуiн...
Әзiрдей ән бастауға
Тұрды аққала шат күлiп.
Қуаныстық
Аспанға
Бөркiмiздi лақтырып.
Күлiмсiрей қарасып,
Көңiлiмiз түзелдi.
Ойынымыз жарасып,
Асыр салдық бiз ендi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу