21.03.2024
  46


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Өзіме де сол керек

Өмірімде көрмедім
Інімдей мен еркені.
Мазамды алып ол менің,
Айтқызады ертегі.
Кітаптардан
Жүргенім
Ертегі іздеп күнбе-күн.
Мойнымдағы
Бұл менің
Тәрізді бір міндетім.
Қайталасам кей-кейде
Айтқанымды бұрынғы,
Басады ол гөй-гөйге:
«Айтқансың, – деп – мұныңды».
Күні бұрын ескерсең,
Дайындалып аласың.
Кейде ойыннан кеш келсең,
Қайдан іздеп табасың?..
«Ертегі айт», – деп, ол бірде
Қоймаған соң жылауын,
Құтылайын дедім де,
Одан-бұдан құрадым:
– «Тым ойынпаз
Ертеде
Екі бала болыпты.
Ойнап кетіп ертемен,
Көштен қалып қойыпты.
Екеуі сан тау асып,
Жер жиһанды шарлапты.
Арып-ашып, адасып,
Көрмегені қалмапты.
Құтылыпты амалдап,
Не аштықтан қауіпті.
Балық ұстап, аң аулап,
Кішісі жол тауыпты.
Үлкенінің ойына
Кірмейді екен ас-қамы.
Ылғи ұйқы соғудан
Білмейді екен басқаны.
Бірде аңға, алысқа
Кеткен кезде серігі,
Қиқуласқан дауысқа
Бөлініпті көңілі.
Түрегелсе орнынан,
Бір топ атты
Гулесіп,
Құс ұшырып,
Соңынан
Келеді екен ілесіп.
Ұшқан бойы құс келіп,
Қона кетсе басына,
Бала оған тістеніп,
Булығыпты ашуға.
 Балға қонған арадай
Қаумалапты көп атты.
Ай-шайына қарамай,
Ақ киізге орапты.
– Ханымыздан айрылып,
Орнына оның хан іздеп,
Жүр едік біз қайғырып,
Көсем тапсақ нағыз, – деп. –
Құс кімге кеп қонады,
Ханымыз сол болады.
Хан болдың, – деп,
Баланы
Көтеріпті жоғары.
* * *
Тасып бала көңілі,
Мансап дерті меңдепті.
Аңға кеткен серігі
Есіне де келмепті.
Сонсоң елді билепті
Қылышынан қан тамып.
Бай, билерге тимепті,
Зар илепті ал халық».
Бітті осымен ертегім,
Төсегіңе зыт! – деп ем,
Қайдан зытсын ол тегін,
Сұрақ қойды күтпеген.
– Баяғыда сол бала
Өзің болсаң, қайтер ең?
– Хан болсам ба?..
Онда ма?
Құсқа алғыс айтар ем.
Қала салып, оңды, әсем,
Жұртқа білім берер ем.
Ол баладай болмас ем,
Жұрттың бәрін теңер ем.
Құс біткенді тордағы
Жіберер ем жайына...
– Осы ма бар болғаны,
Не істер едің тағы да?
«Құлақ етім жедің кеп,
Тақақтап тым қоймадың.
Қатырайын сені», – деп,
Қыңыр жауап ойладым.
– Канал қазып, дән сеуіп,
Бақытқа елді бөлер ем.
Таптырып ап ал сені,
Май құйрықтан тебер ем.
– Мен хан болсам,
Әуелі
Сені өзім табар ем,
«Маған салған әлегің
Көп болса да,
«Ағам» ең.
Әкем тақсыз күн көрді,
Мен де тақсыз күн көрем.
Бақытты етсең күллі елді,
Таққа сен-ақ мін», – дер ем.
Бұлай дерін білгенде,
Сөйлемес ем құтырып.
Тесік таппай кірерге,
Тұрып қалдым тұтығып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу