Өлеңдер ✍️

  20.03.2024
  55


Автор: Серікбол Валихан

Ештеңе күтпеу ешкімнен

 


Тағдырын жазып тақтаға,
Кезеді пенде жылап мың.
Өмір бояуы ақ-қара,
Ақтығын ғана ұнаттың.


Сағынып қарап сыртынан,
Қызығып талай өтер күн.
Кеудеңді қайғы жұлқыған,
Күндерді күліп көтергін.


Есіңе түсіп ескі күн,
Құтыңды сірә қашырды.
Өмірдің көрмей еш мінін,
Жасырып жүрші жасыңды.


Қырқылып қылдай қанатың,
Қалмаған сынды күшің де.
Жалын бол сөнбей жанатын,
Бақытты болу үшін де.


Демігіп, талып, сүрініп,
Ес кірген шығар, ес кірген.
Бақыт дегенің үңіліп,
Ештеңе күтпеу ешкімнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу