Өлеңдер ✍️

  20.03.2024
  57


Автор: Серікбол Валихан

Ұнатамын

 


Ұнатамын біреуді күндемеуді,
Қолдан келсе тып-тыныш үндемеуді.
Көмек сұрап келгенді құра құшып,
Жаным қалмай жүгіріп шын демеуді.


Ұнатамын өмірмен таласуды,
Мойындатып шыңдарды, бар асуды.
Жығылғанға жұдырық болмайтындай,
Құлағанға қол беріп қарасуды.


Ұнатамын көрмеуді хақтан бәрін,
Көкірекке кесектей қатқанда мұң.
Тілеулеспін бәріңе мәңгі өмірге,
Кезек-кезек аттанып жатқандарым.


Ұнатамын қайғыны қылыштауды,
Намысымды құлатпай нық ұстауды.
Әр жұтынған деміме мадақ айтып,
Құдайымды ұмытпай тыныстауды.


Ұнатамын тырналған тағдырымды,
Жұлып тастап жүректен бар мұңымды.
Жақсы, жаман екен деп бөліп жармай,
Ұнатамын адамдар барлығыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу