28.01.2024
  78


Автор: Софы Сматаев

Аспанда ақ түбіттей қалықтаған жұп-жұмсақ ала бауыр бұлт теріскейге маңып барады...

Аспанда ақ түбіттей қалықтаған жұп-жұмсақ ала бауыр бұлт теріскейге маңып барады.


Шағын станция үйінің алдындағы перронда үшеу түр. Ортадағы Құбаштың екі жағында қыбырсыз сірескен әскери киімді адамдар кірпік қақпайды, Станция үйінің маңдайшасындағы қос құлаш қызыл шүберектің түсі оңған. Жазуы көрінбей шайылып кеткен.


Шатыр кенересіндегі сүймендей сүңгі мұздың дәл ұшынан анда-санда бір тамшы үзіліп түсіп темір қоңырауды әлсіз ғана зың еткізеді.


Алыстан қоп-қою қара түтіні будақтаған паровоздың арқыраған гудогі естілді.


Рабиға бір кез шапанды үстінен жайқай серпіп тастап, басын көтерді. Ұйпаланып, кимешегінен шығып тұрған ақ шашын сұқ саусағымен шажамайына тыққыштады. Есік пен терезеге сүзіліп өтіп бір сәт айналасына алара қарады. Күңгірт жанардың кішкене қарашығы төңкеріліп кетіп еді, көз орнындағы сарғыш тартқан ала айран қос нүкте ешнәрсеге тұрақтамады. Сызық-сызаты көп әжімді жүз төменнен жоғары қарай дір етті. Әлдебір сиқыр қол жүгіріп өтіп, кәрі беттің бар бояуын сыпырып әкеткендей болды да, құп-қу өңді адам танымастай өзгертіп жіберді.


Әйелдер күбірлесті.


— Түсі бұзылып кетті!


— Жатқызайық, тынышталсын.


— Тастаған сойыл сорлыға тиер деген рас екен. Баласындай бауыр басып қап еді. Қаусаған көңілдің тірегі сынды-ау. Қиын ғой.


— Әй, сол Аймаңдайды не үшін ұстап әкетіпті?


— Дабырламашы сен. Мазасын алмайық. Мына бишара көзін іліндірсін.


— Ал, иә, білесіңдер ме? Не үшін әлгі Аймаңдай байғұсты алып кетіпті?


— Әркім әр түрлі қауесет таратып жүр ғой. Үшбион дей ме, жау дей ме, айтпаңыз, беті жаман! деп таңдайы тақылдаған Сәрсеннің әйелі сүйреңдеген ернін сылп еткізіп, жағалай көз жүгіртіп өтті.


— Қой әрі! Жаманатқа аузың қалай барады? Не деп қараламақсың? Үшбионы несі? Сонда біздің Құбашжан үшбион бе екен. Құбаш үшбион болса, онда сенің байың, анау Сәрсен алаяқ бесбион ал, деп жаны тызылдаған Қалампыр әжей әйелге шап ете қалды.


— Адамға қарап отырып сіз де күйе жақпаңыз. Ол Аймаңдай неме үшбион болмаса, теміржолды неге бұзбақшы болған, ә? Тексергенде кісілер көріпті. Әлгі рельстің бенттерінің бұрауы босап қалыпты дейді. Біреу үстінен кеп қалып, толық бүлдіре алмапты. Әйтпесе пойыз құлап, сұмдық апат болады екен. Оны аз десең, ореднектің шұбар атын әдейі мертіктіріп зиянкестік жасағанын ұмытпаңыз, — деп әйел аузынан түкірігі шашырап тізерлеп төніп барады.


— Тұтақ! Жаман қатты иландым. Құбашжан теміржол бұзады дейді. Зиянкестік жасады дейді. Өтірігіңе болайын. Соқ, соқ! Шұбар атты мертіктірді дейді. Оу, аттан да бұрын өзі өліп қала жаздамады ма? Тіпті әлі сауыға да қойған жоқ еді байғұс. Қайда әкетіпті? Білдіңдер ме? Жай шақыртқан шығар. Қайтып келер.


— Үйбай-ау, нашандік қайнымнан естігем. Ешқандай да үшбион дейтін сөз жоқ, жақында ғана жасы толып, солдатқа алыпты ғой ол Аймаңдайды. Келсе, кейін жеңіспен келер. Келмесе, еліне барар. Оған ештеңе бола қоймас. Қиналғанда мына байғұс кемпірге қиын ғой.


— Иә, иә! Баяғы отағасы тірі, балалары көз алдындағы кездей адам болып қутыңдап қалып еді, дәл осы соққы ауыр тиді. Үміті үзілгендей болды ғой. Қайтеміз, бір құдай өзі жар болсын!


— Әй, Аймаңдайы кетсе, мына шүлдірлек қызы бар емес пе? Ылиза ма еді аты?


— Ылиза ғой. Көп-көрім қыз өзі. Инабаты жақсы. Апалап Рабиғаның қасынан шықпайды. Неміс те болса көргенді, ақылды бала.


Рабиға тағы оянды. Көзін бадырайтып отырғандарды тегіс бір-бірлеп шолып өтті. Ыстықтағандай шапанды ысырып тастады. Бүрісіп бүкіл денесімен селк-селк етті. Ымдап Эльзаны шақырды.


— Ылизажан, Құбаш келді ғой. Үйге кірсін деші. Тоңып қалып жүрер.


Эльза үндемей келіп, жалынышты көздерге қарауға шыдамай қан-сөлсіз жүзін сыртқа беріп, шапанды қымтай жапты. Рабиға қыздың алақанын сипалады.


— Алақан...


Көз алдына екі алақан қатар елестеді. Екеуі де суық болатын. Бірақ екеуі де жылытатын. Екеуі де жоқ. Екеуі де егілте сағынтады.


— Домбыра... Әперші.


Эльза кішкене домбыраны ұстатты. Рабиға сәбиді емірене құшақтағандай аспапты бауырына қысты. Тарамыс саусақ жіңішке шекке тиді. Домбыра зың етті. Зың етті, булығып барып үнсіз қалды. Әжімді бет толқып кетті. Иектен жоғары өрмелеп маңдайға қарай толқынды көлеңке жүгірді. Күңгірт жанардан жап-жасыл запырандай боп қос моншақ үзіліп түсті. Рабиға талып қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу