28.01.2024
  32


Автор: Софы Сматаев

Әйт шу, жануар!

— Әйт шу, жануар!


Көкейден күмбірлеп шығатын мазасыз айқай бүгін тым көбейіп кетті. Айқай көбейген соң, әдетінен жаңылған шұбар байырғы шабан аяңынан айрылып қалды. Кішкене ауылдың қазір бір шетінен көрінген жүрдек ат-шана, енді бірде екінші жағында зымырап бара жатады.Шұбар желгенде, Құбаш жеделдеді. Күрек жыпылдағанда, дүрдік ерінге таусылмас ыңыл оралды. Күй ырғағы ма, ән сазы ма әйтеуір, ұзақ сарын күні бойы үзілген жоқ. Анда-санда шығатын "әйт шүу!" сол шексіз ызылдың айнымас қайырмасындай.


Бүгін ауылда Құбашқа риза болмаған қам көңіл қатын-қалаштан ешкім қалмады. Айтты әкелді. Уәде берді көңілдендірді.


... Тауық қораның алдында ескі шпалды бұтарлап тамызық жарып беріп жатыр...


Оң көзінің алдында тырнақ сынығындай тыртығы бар кәрі кейуана ағаштарды бүкеңдеп жинап жүріп, Құбашқа жалтақ-жалтақ қарап қойып алғысын жаудырады:


— Сиырымыз жақында бұзаулап еді. Кішкене немерелерімнің нәпақасы ғой. Аузымыз аққа жетіп, бір жасадық. Ең болмаса, айран ауыз ти, балам! Үйіне бүкеңдеп жүгіріп кіріп, бүкеңдеп жүгіріп шықты.


Құбаш тіл қатпай басын шайқады. Ұсынған тостағанды қолымен жасқап, алмайды.


Үнсіз жымияды...


...Бір аулада шөп қораның сабан толып кеткен ақырын тазалап беріп жатыр...


Мосқал әйел еріні дірілдеп, көзі жасаурай қос уыс құрт ұсынады:


— Қарағым, суықта малта қуат! Қалтаңа салып берейінші, сорып жүресің.


Құбаш басын шайқайды. Үнсіз жымияды...


...Бір үйдің есігінің алдында бораннан кейін тау боп үйіліп қалған қарды үлкен күрекпен кертіп-кертіп алып, күресінге құлаштай ытқытып жатыр...


Артында қисық таяғына сүйеніп бүкірейіп тұрған кемпірдің басы қалт-қалт етеді. Қолындағы төрт бүктеген көнетоз шарфты дірілдете созады.


— Шырағым, тамағыңнан суық өтеді. Ағаңның бөкебайы еді. Әскерге бармай тұрғанда өзім тоқып бергем. Орап алшы. Ауырып қаларсың.


Құбаш басын шайқайды. Үнсіз жымияды...


...Албардың ішін босатып, ыбырсыған кәкір-шүкірді бір бұрышқа жинап беріп жатыр. Бір кез құлашқа жуық кепкен қайыңның жуан кесіндісін ұстап тұрып қалды. Жеп-жеңіл, сыңғырлап тұр. Қасындағы шелекпен көмір алып жатқан әйелге қысыла қарап тұрып, қолқа салды:


— Осыны маған берсеңіз... Мен, мен сізге басқа ағаш әкеп... Қайың таба алмай жүр едім...


Әйел шын көңілден қуанды. Шелегін тастай салып, екі қолын ербеңдетіп жатыр:


— Ойбүй, ағашты да сұрап. Еңбегіңді, азаматтығыңды өтей алмай жүргенде. Ала бер, шырағым. Қайырымың менен қайтпаса, Алладан қайтар. Ертең ағаң келгенде жәрдемі тиер.


Ат қораға шұбар болдырып қайтты. Құбаш үйге ыңылдап әндетіп оралды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу