28.01.2024
  31


Автор: Софы Сматаев

Босағаға жабыса сүйеніп қасқа жолға тесіле қараған жас Рабиға отағасын өлермен сабырмен күтеді.

Босағаға жабыса сүйеніп қасқа жолға тесіле қараған жас Рабиға отағасын өлермен сабырмен күтеді. Бірақ ол қайтқан жоқ. Отағасы да, отағасы әкелем деген нан да оралмады.


Албарда төртінші төмпешіктің жас топырағы қоянжондана үйілді. Күрегіне сүйеніп, арса-арса шаршап, маңдайдағы төрт қатар сызығын төрт қабірдей тереңдетіп Рабиға үнсіз жылап тұр...


— Келмегені ме? Қайда барады? Қайда түнейді? Кімге дәркер еді?


Есіне енді ғана түсті ме, түзеліп алды да, манадан қыбырсыз отырған қызға қиыстады.


— Жетімегім-ай, сені қайда жіберем? Үйден шықса, талап жейтін көз көп. Обалыңа қаламын ба? Құбашым жоламай кетсе қайтем? Төрт ұлымнан айрылғанда тандыр боп қалған төсім иігендей болып еді. Жасағанның енді одан да айырғаны ма?


Сауалына жауап таппай бүрісіп, бір уыс болып қалды. Қу үміт күдер үзбейді. Сырттан тықыр білінбейді. Оң құлақ әлі де есікке тосулы. Кенет!..


Опыр-топыр жанталасып орнынан жығыла-сүріне ұшып тұрды.


— Апыр-ай! Келгені ме? Шынымен-ақ келгені ме?!.


Тұра беріп қайтадан етегіне оралып құлап түсті.


Қыз шұрқырап келіп иығынан тартып, сүйеп жатыр.


Есік жайлап, ыңыранып ашылды. Алдымен бір құшақ аяз енді. Бу сейілгенде, босаға жақта серейіп, мойны салбыраған Құбаш анық көрінді.


— Құбашым! Құлыным!..


Басқа дәрмен жоқ. Басқа тіл де, тілек те жоқ. Тұра алмай, қалтылдатып етсіз қолын ілгері созады. Қолын созады да, бой-бой егіледі.


Құбаш үнсіз тақалып, тізесін бүгіп, екі бүктетіліп иілді. Әженің тарамыс қолынан ақырын ұстап, алақанымен аялап сипады. Алақан мейірімі ана көңілін ағыл-тегіл босатты.


— Алақан...


Көз алдына зымырап жетіп басқа алақан елестеді. Отағасының суық алақаны... сіңірлі алақаны... Сүйікті алақаны сипап жатыр.


Мына алақан да суық екен. Бірақ сол суықтан тұла бойына лып-лып жайылып, жалын еніп барады.


Құбаш пен қыз Рабиғаның, екі қолтығынан демеп көтеріп, пеш түбіндегі құрақ көрпешенің үстіне әкеп отырғызды. Күпісін иығына жапты.


— Апа! деді Құбаш.


— Ап-па! деді қыз.


Бірі күрсініп, бірі егіліп айтты. Екеуі де елжіреп айтты.


Кемпір әп-сәтте көңілденді. Жас іркілген жанарға кірпік ұшын ұшқындатып қуаныш оралды. Мейірленіп екеуін кезек сүйді.


— Шай жаса, Ылизашым!


Содан кейін ықыластанып Құбашқа бұрылды. Аты Ылиза. Әкесі соғыста екен. Біздің әскерде көрінеді. Шешесі осылай келе жатқанда жолшыбай қайтыс бопты. Бұ да өзің сияқты тұлдырсыз жетім. Мен десең, тілегім болсын, Ылизашты ренжітпе, күнім.


Құбаш үндеген жоқ. Қыз жаққа қарамастан, киімшең төр алдына жантая кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу