28.01.2024
  29


Автор: Софы Сматаев

Қабырғаларына жылтырап қырау қатқан сұп-суық бөлмеде жақ жүндері үрпиген төрт бала ескі-құсқыға оранып...

Қабырғаларына жылтырап қырау қатқан сұп-суық бөлмеде жақ жүндері үрпиген төрт бала ескі-құсқыға оранып, мойындары ғана қылтиып отыр. Ең кішісі қарлыққан дауыспен қыңқылдап нан сұрайды. Ұзын бойлы қатпа қара шал жалғыз терезенің жарығын көлегейлеп жол жүруге жиналып жатыр.


Жұлығы шұрқ-шұрқ тесік саптама етікке от аузында бір қасық тоң май жағып көне сіріні жұмсартпақ болып әбігерге түскен қазіргіден гөрі жастау Рабиғаның жүрдек қолы жып-жып етеді.


— Бидай таппай оралмаймын. Табуға тырысармын. Балаларға өзің бас-көз бол!


Үндемес шалы осылай күңк етті. Үндемей кетсе де, өкпелейтін Рабиға емес. Отағасының мінезіне жасынан қанық.


Шал екі-ақ аттап келіп бір сәт үнсіз қалған төрт ұлының келте кекілінен кезек-кезек сипап, еңкейіп тұрып кезек-кезек маңдайларынан сүйді. Жүні жұлмаланған күпісін киіп, қос құлаш ақшыл шүберек белбеуін беліне үш қайтара орады. Есікке жете беріп, тұтқаға созған қолын түсірместен айналып артына қарады. Қарап тұрып төрт шырағын жасаураған көзімен түгендеп өтті.


Далаға шыққан соң шал бәйбішесін ымдап тоқтатты. Басын көтеріп, сақалын шошайтып тоқал үйдің қысқа мұржасынан тіп-тік көкке өрлеген сұйық түтінге қарады. Түтінге қадалып тұрып, алқымының астынан тымағының бауын асықпай байлады. Көзін қиғаштай жүгіртіп үй іргесіндегі бір арқа шөпшек отынды, қаңырап бос тұрған ағаш ақырды тез шолып өтті. Содан кейін тамағын қырнап, қылғынып еп-ерсі жөткірінді. Сонысынан ұялып, аузын алақан сыртымен баса қойып, теріс айналды. Айырбасқа жарар деп үйіндегі барлы-жоқты жарамдысын салған орта қап түйіншекті арқалап алған. Өзі еңкек шалды әлгі жотада жарбиған түйіншек жалғыз өркештендіріп, бүкірейтіп жібереді екен... Рабиға отағасына көрсетпей көзін сығып алды.


Шал үй іргесіндегі қасқа жолға қарай екі-үш аттады. Кібіртіктеп тоқтады. Қайта оралып келіп состиып тұрып қалған Рабиғаның қолын ұстады. Мәпелей сипады. Тағы сипады. Тіл қатқан жоқ. Бұрылып адымдай басып жөнеле берді.


Рабиға ашылған алақанына үңіле қарап қалды.


Кемпір от аузында әлі отыр. Қара көсеуді бойлата сұғып жіберіп пештің астын көседі. Бойына лып-лып жайылып сергек жылу жүгірді. Елеусіздеу қырындап алақанына үңілді.


— Алақан...


Мәпелеген саусақ табы ашық алақанда бадырайып таңбаланып, еш белгі білінбейді. Сол алақаны жанасып келіп оң алақанды сипалады. Сондағыдай кеудесіне тағы да іңкәр мейірім оралды. Шал қолы сіңірлі еді. Өзінікі де тарамыстанып қалыпты.


— Алақан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу