28.01.2024
  35


Автор: Софы Сматаев

Біріне-бірі иық тірестіре іркес-тіркес жапсарласа салынған ұзын барақтың шеткі ауласында дегбірі қашып Несіпжан тұр...

Біріне-бірі иық тірестіре іркес-тіркес жапсарласа салынған ұзын барақтың шеткі ауласында дегбірі қашып Несіпжан тұр. Қара торы келіншек. Бұлт арасынан анда-санда бір сығалап қалатын шұнақ күн көкжиекке еңкейген сайын жолға сүзіле қарап, тықыршып қояды. Бір кез үйге кіріп кетіп еді, іле тостаған көтеріп шығып тауық қораға барып, жем шашты.


— Шіп-шіп-шіп! Осы қораздың басын қағып алар ма еді! Мешкей! Аумаған Сәрсен! Шіп-шіп-шіп!


Дәл сол сәтте шанасының табанын құяң аурудың ойбайындай сарнатып Құбаш жақындады. Ыржиып күлді.


Несіпжан тостағанды төсіне басып алып қарсы ұмтылды:


— Айналып кетейін қайным-ау! Сені тоса-тоса екі көзім төрт болды ғой. Түс болмай әкелем дегенің қайда? Міне, кеш те жетті. Үй болса азынап тұр. Әскер семьясына жандарың ашымайды-ау. Айдасаңшы атыңды. Әй, екеуіңді келістіріп қосқан қай құдай екен?


Құбаш үндеген жоқ. Үнсіз қимылдап көмірді түсірді. Үнсіз жүріп көмірді отын қораға үйді. Үнсіз жүріп жұмысын тындырды. Содан соң елтірісі тықырланған құлақшынын шешіп, алақанымен бу шыққан маңдайын, бетін сүртті. Жем шоқып түртінектеп жатқан екі мекиен мен қызыл қоразға елжірей қарады.


Несіпжан үйден күлімсіреп шықты. Екі қолын қос өңіріне үйкеп-үйкеп жіберді.


— Жел айдаған қаңбақтай қу соғыстың салдарынан арамызға кеп қалдың, қайным. Күндік жерге көлеңкесін түсірер бәйтерек болдың ғой. Рақмет. Сен жалғыз, мен жалғыз. Жатсынбайық бір-бірімізді.


Құбаш ала көздерін болар-болмас жылтыратып, дүрдік еріндердің арасынан сызат ашып, ризашылығын үнсіз ғана білдірді.


— Аймаңдай, үйге кір. Жуын, шай ішіп қайт.


Келіншек "Аймаңдай" дегенде, Құбаш көмір күйесі жұққан доғал саусақтарымен маңдайындағы тайтұяқ таңбаны еріксіз бір сипап өтіп, қорбаңдап теріс айналды.


— Өй, жазған-ай! Көңіліңе алып қалдың ба? Бадырайып көрініп тұрған соң қалай айтпассың. Жә, жүр енді. Жуынып, жылынып шық. Дастарқанды жасап қойдым, деп Несіпжан еркіндеп келіп Құбашты жеңінен тартып, үйге қарай жетеледі.


Ауыз үй, төр үй шап-шағын. Тап-тұйнақтай. Басы артық дүние жоқ. Бар болса ендігі бір пұт, жарым пұт астыққа әлдеқашан айырбасталып кеткен.


— Шешін! Су жылытып қойдым, жақсылап жуынып ал.


Несіпжан Құбаштың еркіне қоймай күпәйкесін шешіп, шегеге ілді. Едендегі шүмегі сәңкиген жез құмғанды лып көтеріп, оттықтың аузындағы қаңылтыр легенге апарып, саусағына тамызып көрді де:


— Кел, құйып жіберейін, деді.


Су қап-қара бояудай сорғалап жатыр. Күйе кетер емес.


— Тоқтай тұршы.


Келіншек құмғанды жерге қоя салып, жұқа шыт көйлектен буылтықтана шерткен толық денесін ойнақшытып барып ескі әбдіресін сыңғырлата ашып, орамалға түйіп қойған көк жұпар сабынын әкелді. Құбаш кірпіктерін қайшылап, басын шайқады. Үнсіз жымиып, қазандықтың желкесінде тұрған сақардың асықтай алқындысына қол созды.


Бет-ауыз күйе мен кірден тазарған соң күреңіте жарқырап, әжептәуір ажарланып шыға келді. Ортасы дөңес біткен үлкен мұрын, етті ерін еркекке тән қажырлылық айғағындай сезіліп, келіншек жанарын өзіне тартып барады. Қиық көздердің қысыңқылығы, жалпақ беттің шығыңқылығы сірә, сезілмейтін тәрізді.


— «Ат ерінді, ер мұрынды» дегендей өзің тәуір жігіт екенсің, Аймаңдай! деп Несіпжан сақинасына сиқыр қондырғандай саусақтарын жыбырлатып әкеліп қонағының қарынан бұрап шымшып алды да, әуенділігі әнге бергісіз сылқ-сылқ күлкіге басты. Құбаш екі аяғын кезек сілкіп пимасын тастап, төрге озды.


Екеуі дастарқанның екі шетіне жайғасты. Келіншек көз астынан Құбашқа жиі қарайды. Бір кезде Несіпжан орнынан атып тұрды:


— Әй, өзің шынымен-ақ жігіт боп қапсың!


Сол-ақ екен, тықыршыған құлын дене барлық қимылымен сөйлеп кетті. Кесе әкеле жатқанда толық мықын былқ-сылқ биледі. Еңкейе түсіп шай құйғанда, тіп-тік қос анар дірілдеді. Қысқа жең көйлектен оза шығып, жалаңаштана жарқ еткен жұмыр білек сөйледі. Кішкене аппақ құлақтардың үзбелі сырғасы сыбырлады. Ештеңені аңғармай, асжаулықтың үстінде шашырап жатқан күрең қоңыр бауырсақтарды екі ұртына кезек тоғытып отырған Құбаштың бүйірінен Несіпжан аямай шымшып алды.


Құбаш жалт қарады. Сұғанақ қол тоқтады, аузына апара берген кесесі кідірді. Көз тайқып кетті. Бұрылар емес. Бұрқ етіп маңдайдан суық тер атылды. Қосылып ағып, әлгі кесек тамшылар тайтұяққа кілкіп тұрақтады. Тұрып-тұрып төмен қарай лап берді. Келіншек бұрала басып барып, сыңғырауық әбдіресін тағы ақтарды. Бір құлаш түкті орамалды суырып алып, екі шетінен салмақтай ұстай тұрып, ұланның маңдайын, бетін сүртті. Елжіреп, еркелетіп сүртті.


Бір кез... Несіпжан кеудеден толқындап ытқыған ып-ыстық демімен шарпып өтті. Қос бұрымның жас баланың білегіндей толық өрімі алдына сұлап, биік төстен ақырын сусып келіп, Құбаштың дуылдаған бетіне тиді. Шаш тигенде қытығы келді. Жұпар сабынның иісі ме, қолаң шаштың өзіне ғана тән жұпары ма, танауды әлдебір аңсар қытықтады. Ештеңенің байыбына барған жоқ. Қолын дірілдете созып, қос мойынның жұмыр доғасын айқара құшақтады...


Етті келген добал ерін икемсіз жыбырлап оймақтай ерінге жабысты. Ерінге ерін жабысқанда, Құбаш шалқалап құлап бара жатты. Құлап бара жатып төсіне қос үшкілімен томпайып тиген ыстық кеуденің алау қызуын сезінді. Сол ыстық кеуде дүрс-дүрс соғып аттандап жатқандай. Жо-жоқ! Сол ыстық кеуде дүрс-дүрс соғып қуанып жатқандай, құмарланып жатқандай. Құбаш сасқалақтап тізесін бүккенде, жалаң аяғы жалаңаш балтырға тиді. Жалаңаш балтырды сезінгенде, өн бойында лапылдап от, өрт жүгірді...


Келіншектің оң қолы дірілдеп жайлап төмен сырғыды. Қол қозғалғанда, Құбаш дір етіп есін жиды. Жыбырлап қана түртінектеген дәрменсіз қолды қағып жіберіп, жауырынын көтеріп келіншекті үстінен аударып тастады. Бір түрлі таңырқағандай состия қарап қалып, орнынан жалма-жан ұшып тұрды. Белдігінің темір айылбасын қос алақанмен шеңгелдей бүрді...


Несіпжан аппақ мойнын аққудай иіп теріс айналды. Тізерлеп отырған күйі бүйірі қабысып, иығы селкілдеп ұзақ үнсіз жылады. Оң қолымен жер таянып, сол қолын көзіне көлегейлеп басып алыпты.


Құбаш күпәйкесін киді. Шұлғауын қалай болса солай орап, ауыр пимасына аяғын сұға салды. Есік алдына бара беріп, әлгі бір шетін жайдың оқыс болғанына қатты кінәлы жандай бір қызарып, бір сұрланып қалт тоқтады. Дір-дір етіп солықтап отырған келіншекке аяй қарады. Ақырын тамағын қырнай жөткірінді.


Несіпжан басын көтеріп алды. Жас тұнған қызарыңқы көздерден ашу атылды.


— Әй, кетпеймісің енді. Құры тез! Көрінбе көзіме! Құдайы құрғырға не жазып ем! Не? Жиырмаға келгенде байдан айрылдым, бір ай ғана тұрмыс құрдым. Енді ол күндерді кім қайтарып береді? Күйеуімді кім тірілтіп береді?


Құбаш кібіртіктеп төрге қарай бірер аттады.


Келіншек орнынан сілеусіндей серпіле атып тұрды. Екі жұдырығын тас түйіп алыпты.


— Кет, жолама маңайыма! Жола-ма! Жүзінде ызалы жек көру сызы бар еді. Құбаш есікті сарт еткізді. Келіншек күрсініп қалды. Келіншек сылқ түсіп, екі бүктетіліп, солқылдап жылап қалды




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу