28.01.2024
  30


Автор: Софы Сматаев

Сығырайған көзді жұтып жіберген жалпақ бетте ызғар жоқ...

Сығырайған көзді жұтып жіберген жалпақ бетте ызғар жоқ. Әдеттегідей резеңке бишік те беймезгіл сартылдамайды. Қисық сабаудан жасаған қысқа сабын жастанып, қарала жыландай қыбырсыз ирелеңдеп, қорап толы көмірдің үстінде жатыр.


Кенет құлақ түбінен оқыс шу шықты.
Құбаш селк етіп басын көтеріп алды.


Оң жақ қапталдағы қабырғасын жауын сойып кеткен тоқал үйдің іргесінде он шақты бала алқа-қотан дөңгелене тұрып алып, әлдекімді екілене мошқай мазақтап жатыр, әлдекімді жабыла түртіп, дүрілдесе түртпектеп жатыр.


Шy шыққанда, шұбар ат қалт тоқтады. Шұбар тоқтаған соң, қайыс делбесін қорап үстіне шиырып тастап, Құбаш балаларға қорбаңдай басып үнсіз жақындады. Маңдайдағы ойық тыртығы күреңіте дір етіп, түсі бұзылып кетті.


Ортада қаршадай бала қалшиып тұр. Жеті-сегіздер шамасында. Шарасы жасқа толған шөлмек көзін бір төңкеріп, кірпік ұшынан жасыл тамшыны сілкіп жіберді. Артынша қайғыны көп шеккен ересек қараспен жалт қарады да, бала ауыр күрсінді. Бір түрлі оғаш, кекселік күрсініс көргендіктен бе, Құбаш қабағын дүмпите түйіп, жалма-жан жанарын тайдырып әкетті. Жазда кірпіш құю үшін балшық айналдырған үй орнындай дөңгелек қырманның іші тобықтан келетін жұмсақ қармен толыпты. Жалаңаш аяқтар лай басқандай кезек көтеріледі. Қар аппақ, табан қып-қызыл. Аппақ қарға қызыл қан тамғандай. Бірақ қызарған қан емес табан!


Балада тырс еткен үн жоқ. Көзінде енді жас та жоқ. Шолақ шалбардан сидиған жіп-жіңішке сирақтары бүгіліп-түзеліп, тәлтіректеп кетеді. Қаны қашқан түсі бозарып, көкшіл көзін жоғары тіктеп, қар себелеген қарабауыр бұлтқа қадап қалыпты.


Балалардың ішіндегі ең ересектеуі апыл-ғұпыл еңкейіп жерден бір уыс қарды қос алақанымен жентектеп алды да, көйлекшең тұрған әлгі баланың ашық мойнынан сүңгіте салып жіберді.


Құбаш өзінің мойнына сұп-суық жылан оралғандай қатты тітіркенді. Сол-ақ екен, ештеңенің байыбына бармастан шуылдаған балалардың олайғысын олай, бұлайғысын бұлай жұлқа итеріп, әлдебіреуінің қаймыжықтай жағына шапалағын сарт еткізді.


Балалар аяқ астынан опыр-топыр болып, араның ұясындай айқайласа даурығып ала жөнелді:


— Жынды болған ба, Аймаңдай неме?


— Өй, мылқау, қайтеді?


— Кімді ұрасың өзің! Апама айтам!


— Саған да мықты табылар!


— Неміске болысады-ей.


— Өзі де неміс!


— Неміс баласын қорғайды.


Құбаш кілт тоқтап, ортадағы бөтен балаға жалт қарады. Сығырайған кішкене көзіне әп-сәтте жиіркеніш ұялады. Бала болса меңіреу қалпы тіл қатпай, мұң шақпай қырман ішінде аспанға қадалған күйі мелшиіп тұр. Құбаш оң қолын қылышша бір сілтеп, үнсіз бұрылып жүре берді.


"Неміс!.. Қайдан келді екен? Жоқ еді ғой бұрын..."


"Қайсарын-ай! Мойымады-ау!"


Сүйсінгені ме, шіміріккені ме, добалдай ернін жинай алмай әлсіз күбірлеп, қайталай береді.


Шұбар ат баяу ілбиді.


— Шy, жануар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу