Өлеңдер ✍️

  09.10.2023
  154


Автор: Гүлмекен Қасенбай

Әкем жайлы

«Шот қабақ,​ шоқпар мұрын Қасенбаймын»,
Деп әкем домбырада ән шырқайтын.
Ата-жұрт,​ отанында жүрсе-дағы,
Туған жері Мылқысын ұмытпайтын.

Сәл ауырса «әй, өліп қалам-ау»-деп,
Тон пішіп отыратын іштей жүдеп.
Туыстардың есімін жаттай алмай,
Анамыз жүруші еді ылғи түзеп.

Сағынса балаларын аралайтын,
Біртоға,​ момындарды бағалайтын.
Мінезі өзіне ұқсас тез өзгергіш,
Ашуланшақ жандарды қаламайтын.

Әзілдеп жас-кәрі деп бөліп жатпай,
Қалжыңмен күлдіретін айналасын.
Пәк көңіл,​ аңғал әкем ел не айтса,
Барлығын шын айтты деп қабылдайтын.

Жұбайын «Нәсеке» - деп анда-санда,
Еркелетіп әдемі сөз арнайтын.
«Қойшы ары, аяқ асты жырбыңдамай»,
Деп анам, ондай кезде жақтырмайтын.

Кемпірін салыстырып өзгелермен,
Жоғары іштей жарын бағалайтын.
Анамыз кетсе алысқа жұмыстармен,
Күн санап көше жақтан көз алмайтын.

Ұл-қызын сағынатын қаладағы,
Малдарын түгелдейтін даладағы.
Ол үшін қорадағы аз малы мен,
Аман болса болғаны балалары.

Қызықпай атақ-даңқ пен мал-дәулетке,
Өмірден өтті осылай Қасекең де!
Күн сайын дұға етемін Жаратқаннан,
Рақымыңа бөлей гөр деп ана өмірде!

Гүлмекен Қасенбай
25.07.2023




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу