Өлеңдер ✍️

  06.09.2023
  121


Автор: Шөмішбай Сариев

Мінездің сан қыры бар

Мінездің сан қыры бар,
Жасығы албыры бар,
Қанша адам бір поезда,
Соншалық тағдыры бар.
Бір-бірін танымас та,
Шыңдардың өрі таста,
Қанша адам бір поезда,
Соншалық жолы басқа.
Тартады бірі жасқа,
Ал бірі – ірі жаста,
Қанша адам бір поезда,
Соншалық түрі басқа!
Құйындай көңіл ұйтқып
Ал, бірін өмір ит қып
Поезбен келе жатыр
Қаншама өмір жүйткіп!
Жүрек пен жанды жиған,
Алуан сан бір иман,
Қанша адам бір поезда,
Соншалық тағдыр сиған!
Алдынан нұр көреді,
Ал бірі сыр көреді,
Қанша адам бір поезда,
Бір тоқтап, бір желеді.
Бірге асты іштім деңіз,
Бір мініп, түстім деңіз,
Бар өмір бір поезда,
Поездың үстіндеміз!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу