Өлеңдер ✍️

  01.09.2023
  78


Автор: Шөмішбай Сариев

Менің әкем

Айтайын әкем жайлы сыр әуелі,
Қоңыр үн, қоңыр ырғақ — үні-әуені.
Жұмыстан оралғасын кешке қарай
Ауылдың шалдарының жырауы еді.
«Сау бол!» деп жан-жағынан қамшылайды,
Кей шалдар атып қойып насыбайды.
Нұрекең, Шора сынды ақсақалдар,
Әкемнің сыншысы еді басыбайлы.
Жырлайды жайып салып көпке аңызды,
Кеудемде әкем жыры от тамызды.
Сонда да кеткендей боп көрінеді,
Төлемей әкем алып көп қарызды.
Қарызды көп алыпты... Сезді онысын,
Тірлікте жалғасатын өз жолы үшін.
Мені әкем қалдырғандай кепілдікке,
Өтеуге өмірдегі өз борышын.
Келемін өмір жайлы қалам тартып,
Жалынды жүрегіммен жанам балқып.
Кеткендей әкем менің көз жұмарда
Өтелмеген парызын маған да артып.
Жұмыспен қарсы алса да күнді қандай,
Жырымен бөлесе де түнді қандай.
Кеткендей өтей алмай көп парызын,
Қысқа ғұмыр ішінде үлгіре алмай.
Тартсам деп ауырын да, қиынын да,
Қарбалас тіршіліктің құйынында.
Келемін бойға лайық жүк көтеріп,
Әкем мен өз парызым иығымда.
Кеудемнің өзіме артқан талабы көп,
Маздаған жүрегім — шоқ, жанарым — от.
Қарызды өтей алмай қалам ба деп,
Алдын ап мен де қойдым балалы боп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу