Өлеңдер ✍️

  31.08.2023
  39


Автор: Шөмішбай Сариев

Бұрылып бір сәт қайыңды баққа қарашы

Бұрылып бір сәт қайыңды баққа қарашы,
Шалқытып өтіп махаббат тұнған арасын,
Көз алдымда көлбеңдей ұшқан аққудай,
Жастығым жайсаң, жайраңдап өтіп барасың.
Кеше ғана өзің кеп қонған ұямын,
Амалсыз тағы ініге сені қиямын.
Менен де үркіп барасың-ау, қайран жастық шақ,
Қағынан безген киіктей, зырлап тұяғың.
Кейінде қалған жолдарға қарай өткізіп,
Қол бұлғап қалды үкілі бақтай көп қызық.
Жанарыңды сан қызға қарай телмірген
Бір жүрек шіркін бәрін де соның кетті үзіп.
Келер күннің бақытын алдан армандай,
Балконнан карап тұратын қайран шалдардай,
Қоштасып жастық қаламыз ба екен біз де осы,
Күзде ұшып кеткен құстарға қарап қалғандай.
Махаббат – шәрбәт іштім бе екен бір қанып,
Кеудемде шерлі айтылмай қалған сыр қалып,
Арманым болған періште сезім көзінде,
Барады-ау қайран бақытты жастық ұрланып...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу