24.07.2023
  199


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ӘЛІМНІҢ ҰЯЛҒАНЫ-АЙ!

 


 


Әлім үйрене алмай-ақ қойды. Осында келгелі ауылды ойлаумен жүр. Қазір әжесі не істеп жатыр екен? Қаздың  балапандарын бағып жүрген шығар. Жанында кішкене Әлжан мен Балжан бар. Әжесі қуанады, күледі. Балаларды да, балапандарды да бағады. Әжесі: «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде...» – деп бір қызық ертегіні бастайды. Үй қаздары бауырларын көгалға төсеп дамылдайды. Әжесі ертегіні айта береді. Аузы сөзде, қолы мен көзі ұршықта.


Осынау талтүсте көл басы үлкен бір  базар болып жатады. Қызықтың көкесі сонда. Су сабалап қиқулаған жалаңаш ба­лаларды бірінен-бірін айыра алмайсың. Бәрі де күнге күйген, күрең түсті. Солармен бірге өзінің болмағаны өкінішті...


Әлім күрсінді. Дереу үйге кетіп қалғысы келді. Жол белгілі, мына кезеңнен әрі жалпақ алаң бар. Одан әрі орман, орманнан әрі ауыл...


Тоғай арасына орналасқан лагерьдің аппақ шатырлары тізіліп тұр. Көгеріп Есіл жатыр. Өзен үстінде шомылған балалардың көңілді күлкілері естіледі. Кезекші қоңырау қағып, түскі тамаққа шақырады. Тағы да тамақ ішіп алып, қарынды сипап жату. Тағы да сол бос жүгіру, бос әурешілік. Ешкімді де танымайды. Жұрттың бәрін жатырқайды. Олар да бұған солай қарайтын сияқты. Не деген көңілсіздік!


Төменнен жапа-тармағай балалар жүгіріп келеді. Бәрі де қуанышты, бәрі де ойынның қызығына тоя алмай жүр. Езулері күлкіден жиылмайды. Бір үп-үлкен сары бас бала шекесінен шертіп өтті. Әлім таспен ұрып жібергісі келді де, өзін зорға тоқтатты. «Үйге кетем, тұрмаймын мұнда», – деді.


Ұйқыдан оянса кеш болыпты. Батарға беттеген күннің қы­зыл сәулесі жапырақтар арасынан шашырай құйылып тұр. Лагерь үстін салқын көлеңке басыпты. Алаңда футбол ойыны қызған. Ықылассыз басып сол жерге келді. Алдынан манағы жирен шаш бала кездесе кетті.


– Әй, істік мұрын, бері кел, – деп қарсы жүрді. Келген бетте қапсыра құшақтап, кескініне қарады.


– Ей, батыр, сен ойнағанға өкпелеп қалғанбысың? Сол бір шерткенге ме? Мә, менің басыма екі шертші, мә деймін, мә! Өй, бала, сөйте ме екен, атың кім өзі? Ә, айтпайсың ба, айтпай-ақ қой. Менің атым Жаңабай, кел, дос болайық.


Жаңабай жетектей жөнелді. Екеуі футбол біткенше қа­тар отырды. Әлімнің ашуы тарқайын деді. Лагерьде де уақытты көңілді өткізуге болатын сияқты. Балалар шатырларға кірді. Айғай-шу, күлкі бірден толас тапты. Әлім болса аунақшып жатыр. Көзіне ауылы елестейді. Әжесінін әжімді кескіні елестейді. Кішкене бауырларын біртүрлі сағынып кетті.


Айсыз түн салқын тартыпты. Жерді шық сулап тұр. Орман қарауыта түскен. Әлім қорқайын деді. Бет алған соң кейін шегінудің реті жоқ. Жүріп келеді. Алаңнан өткелі қашан. Аласа бұталар, тармақталған жуан үйеңкілер, құба талдар таусылар емес. Белуардан шыққа малшынды. Далаға бір шығып алса, ауылдың оты көрініп тұрар еді. Орман созыла түседі. Үйеңкілер, талдар, бұталар... Төбесінен жапалақ қалбалақтап ұшып өтті. Қалың қараңғылықтан әрі әлдене бақырады. Сақылдап күлгендей бөтен дыбыстар естіледі. Әжесі айтатын жезтырнақ туралы ертегі есіне түседі. Темір саусақтары салдырап, көзіне елестеп кетеді. Жұдырығын түйіп алды.


Жүріп келеді, әбден шаршады. Көзіне ұйқы тығылды. Бұтаны паналап отыра кетті. «Көп жүрдім, ауыл енді алыс емес шығар»,– деді тізесіне иегін сүйеп. Солай отырып, көзі жұмыла берді. Түсінде әжесін, кішкене бауырлары  Балжан мен Әлжанды көрді. Бір топ сары балапандар жайылып жүрді...


Күн шашырап шығып келеді екен. Лагерьдің тап іргесінде отыр. Өзіне таныс ақ шатырлар мейірлене қол бұлғайды. Әлім ұялғаннан беті дуылдап қоя берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу