24.07.2023
  77


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ТРАКТОРШЫ ЕРКЕБАЙ

 


 


       Еркебай сырма шапанының  белін буды, былғары етігін аяғына киді. Құлақшынының бауын  жоғары көтеріп байлап алды. Ол енді әкесіне ұқсап кетті. Осынша жылы киімдерді тек әкесіне ұқсай түсу үшін ғана киген еді, ондайда кәрі әжесі:



  • Еркебай әкесінен аумайды, киімдерін әкесінше киіп жүреді, – деп қуанып қалады. «Несі бар, киімдерімді киіп жүрем, мен әкем сияқтымын», – деп ойыншық трактордың кішкене орындығына отырып алды.


       Бұл тракторды Рысжан ұстаның көмегімен қаңылтыр қорапшадан өзі жасап, шестеркеден доңғалақ орнатқан, түтін шығатын кішкене мұржасы бар.


       Еркебай тракторын  итеріп тысқа шықты, шеті ирек-ирек доңғалақтары айналған сайын қаңылтырға тиіп, тырс-тырс етеді. Тракторы кешегіден бүгін қызық болып көрінді. Әкесінің тракторындай дырылдайды, жеңіл жүреді. Бір айырмасы –  өз бетімен емес,  сүйресе ғана жүреді.


       Еркебай дөңеске шығып, аз қарап тұрды. Күн көзі тас төбеде. Жаңа көктей бастаған жазықта сағым ойнайды. Сол тұста тракторлар жер жыртып жүр,  оны жүргізіп жүрген Еркебайдың әкесі. Еркебайдың алдында бұлаққа қарай көлбеген ылди бар. Өткен қыс осы жерде шанамен сырғанақ тепкені есінде.


       Еркебай байқаусызда тракторын аяғымен қозғап қалғанда, төмен қарай зырлай жөнелді. Дырылдап барады, жеткізер емес. Сасқалақтаған Еркебай ойыншық тракторының үстіне жата кетті. Сол кеткеннен зырлап отырып ойдағы бұлақтың ернеуіне барып бір-ақ тоқтады.



  • Алақай, қызық болды! – деп айғайлап жіберді. Ол тағы дөңге көтерілді, тағы дырылдатып төмен қарай жүгіртті. Кішкене тұтқаларды кезек жұлқып, оңға-солға бұрды, артқа қарап қойды. Қырлы доңғалақтың іздері түсіп қалып жатыр. Еркебай жер жыртып жүр. Әкесіндей тракторшы болып шықты. Жүгіріп қаспақ мұрын Қалқабай келді. Ол бұдан бір жас кіші болатын. Күліп, қуанып тұр, қызығып тұр. Басқа балалар да тамашалайды.


Еркебай тракторына отырып, Қалқабайды жанына шақырды.



  • Кел, сен тіркеуші боласың, мен тракторшымын.


Қалқабай мұрнын жеңімен сүртіп, тартынып еді, жанындағы балалар көнбесіне қоймады. Қалқабайды мінгестіріп, төмен құлдырап барады. Балалар алғаш қорықса да, «тіркеуші» болуға сұранды.



  • Еркебай, біз де тіркеуші боламыз, біз де, – деп шуласты олар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу