Аңыздар ✍️

  24.07.2023
  140


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ЕР ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Ертеде, жаугершілік заманда талай жорықтарға шығып, елін жаудан қорғаған Бөгембай деген бір батыр көп жасап, жүзден асыпты. Бертінде қарттық жеңе бастап, үйінде отырып қалыпты. Бірде халін біле келушілердің бірі:


       – Батыр, көп жасап, көп көрдіңіз. Үбірлі-шүбірлі болдыңыз. Сізде арман жоқ шығар? –  дейді оған.


Сонда қарт батыр:


– Ей, шырақ-ай, армансыз адам болушы ма еді, – деп, басын көтеріпті. – Сауыт құрсанған батыр едім, елім үшін қан майданда жаумен жағаласып, жеңіске жеттік. Арманда қалған көп жауынгерлерді ойлап қапаланамын. Осыған байланысты бір оқиғаны айтып берейін.


       ...Бұл қазақ пен жоңғардың жауласып тұрған кезі екен. Бір түні батыр ұйқылы-ояу жатып:


– Ат-тан! Ат-тан! Жау шапты! – деген дауысты естиді. Қарт батыр тұра келіп, кереге басындағы найзасын алады да,  кермеде тұрған тұлпарына қарғып мініп, жауды қуып кете барады. Ел қалың ұйқыда қала береді.


Батырдың балалары да сол түні үйде жоқ екен. Қарт батыр жауға жалғыз шабады. Қаптал шапанының етегі далақтап, құйғытқан бойы басқыншылармен араласа кетеді. Барған бетте тұқыл найзамен бір-екеуін құлатып, көзінен от шаша енді басқаларына ұмтыла бергенде, жоңғардың бір жас батыры қарсы алдынан келіп, шіреп тұрып садақ тартады. Сұр жебе сауытсыз батырдың кеудесінен тиіп, аттан ұшырып түсіреді. Кейін келіп жеткен жұртқа өлейін деп жатқан батыр:


– Жұртым-ау, жау қолынан мерт болып арманда кетіп барамын, – деген екен.


Қанша өмір сүрсең де бір арман алға жетелейді. Жер бетінде тыныштық болса екен деп армандаймын,‒ депті қария.


                                            




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу