24.07.2023
  80


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ӨТКЕЛДЕ

 


 


       Екі бала өзен жағалап келе жатты. Арғы бетке өтіп, бүлдірген теріп қайтпақ. Таңқы қара Әбік сабырлы, сорайған сары Жеңіс болса сөзшең:


– Біз Оралда тұрғанда, – деді Жеңіс, – ағынды өзеннің жағасындағы лагерьде болдық. Оқытушымыз бір жарым шақырымдық тауға өрлетті. Сонда мен бар баланың алды болып шықтым тау басына. Пионерлердің таңданғанын айтсайшы. «Альпинист, барып тұрған ержүрек!» – деп шуласты. Содан бастап балалар мені «альпинист Жеңіс» деп атап кетті.


       – Спортшы екенсің ғой.



  • Жүгіруден де, секіруден де бірінші орын алдым. Суға жүзу деген – менің ең сүйікті ісім. Жап-жалпақ ағынды өзенді тоқтаусыз жүзіп өте беруші едім. Ал мына Есіл дегенің жылап аққан жылға сияқты. Шалқалап та, қырындап та жүзе алам.


Жеңіс бір түйір малта тасты алды да, зеңгіл жасылданып үнсіз ағып жатқан суға құлаштай лақтырып жіберді. Су беті шеңберленіп барып тынды. Арғы бетте бозғылт жапырақтарын толқытқан сұр талдар көрінеді. Жасыл нумен көмкерілген өзен аңғарынан салқын жел еседі. Құлама жардан малта тастарды жамырата домалатып, екеуі суға тақау келді.


       – Әттең, сен бөгет болып тұрсың. Әйтпесе анау көпірге бармай-ақ, осы жерден жүзіп өте беретін едім, – деп, Жеңіс опық жегендей басын шайқады. Әбік үнсіз.


Өзен арнасының құмырсқа белденген қысаң тұсында ағаш көпір бар-ды. Күңгірттеніп жатқан судың үстінен екеуі үңіле қарап тұр. Шабақтардың жүйткіп ойнағанын қызықтады. Бір кезде шабақтар тым-тырақай қаша жөнелді. Бір дәу шортан келе жатты. Шортан қара қошқыл арқасын су бетіне шығарып, біраз жылынды да құйрығымен ағынды жайқап қалып, қараңғы тұңғиыққа сүңгіп кетті.


       – Ех, шіркін, сүңгіп барып, құйрығынан шап беріп ұстар ма едім! –деді Жеңіс алабұртып. Сөйткенше болған жоқ, көпір ернеуіне атша мініп отырған бір бейтаныс бала суға шолп ете түсті.


       – Құтқарыңдар!


       Бала батып-шығып жүр. Жеңіс сасқалақтап:


       – Ей, бала, қолың мен аяқтарыңды сермей бер, мен келгенше шыда. Мен ауылға хабарлайын, сені шығарып алады! – деп, жүгіре жөнелді.


Жеңіс жұртты ертіп келгенде Әбік пен әлгі бала жағада отыр еді. Суға құлаған балада кескін қалмапты. Анасы қуанғаннан дауыстап жылап жіберді:


       – Сен ғой шығарған, айналайын-ай, ажалдан құтқардың-ау, құлынымды, тәңір жарылғасын!


       Әбік қызарып төмен қарады.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу