Өлеңдер ✍️

  10.07.2023
  61


Автор: Серікбай Оспанов

Қасыңдағы маған бөтен бір жігіт...

Қасыңдағы маған бөтен бір жігіт


Түк сезбейді,


Жатыр басқа кім біліп?!


Бейтаныстай өтіп бара жатырсың,


Жүрегімді қызғанышқа тілдіріп.


 


Маған мәңгі деген едім еркелер,


Танымаған болып, мейлі, өте бер.


Жан сырыңды білдірмеген болсаң да,


Өте беріп өрт боп ішің өртенер.


 


Менен көркем, кездессе де жақсылар,


Жалт етіп бір қарағаным састырар.


Жыламасаң жыламассың көзімше,


Әр-бері өтпей тамағыңда тас тұрар.


 


Ардағым ең,


Арманым ең аңсаған,


Бұл өмірде теңгермеуші ем жан саған.


Екеуміздей екі бөлек жүр екен


Қайғы жұтып, қапаланып қанша адам?!


 


Жүрек шіркін бағынбайды күшіңе,


Ойлайсың-ау, жиі енесің түсіме.


Бара жатсың мүлде бөтен пендедей,


Жаның менде,


Тәнің бөтен кісіде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу