Өлеңдер ✍️

  10.07.2023
  37


Автор: Серікбай Оспанов

Не боп кетті, апыр-ау, мына күнім...

Не боп кетті, апыр-ау, мына күнім,


Сенсіз жерде көңілде тұрады мұң.


Сені сүйдім –


Өлердей   құлай   сүйдім,


Сол үшін де мен енді кінәлімін!


 


Күйге түсіп дәл мұндай көріп пе едім,


Жанып па  едім,


Дәл бұлай сөніп  пе едім?!


Ойлар күнде ойран сап, мазалап жүр,


Түн ұйқымды өрт болып бөліп менің.


 


Талай  жерде  тайсалып,


Дір  етпеген,


Үстемдігін  ешкімге билетпеген,


Әшейінде салқын-ақ секілді еді,


Кетті неге қалтырап жүрек деген?!


 


Алдар мінген мен бүгін сайтандаймын,


Қабағыңа  қарап  тек  қайқаңдаймын.


Сүйем  сені,  несіне  жасырайын,


Сүймеймін деп өтірік айта алмаймын.


 


Не боп кетті, апыр-ау, мына күнім,


Сенсіз жерде көңілде тұрады мұң.


Өліп-талып сен мені сүю үшін,


Не істеу  керек?!


Өмір-ай, сұрағы мың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу