Өлеңдер ✍️

  07.07.2023
  40


Автор: Серікбай Оспанов

Махаббат бар!

(Махаббат жоқ дейтіндерге жауап)


 


Жолдастарым, достарым, жамағаттар,


Таласпаңдар, өмірде махаббат бар!


Жатады кіл жасалып


Бұл әлемде


Махаббаттар арқылы ғаламаттар.


 


Махаббат бар!


Сенемін, сенемін мен!


Әр жанардан көреді көре білген!


Махаббат бар,


Барлығы анықталған.


Алып қалған ол талай сені өлімнен!


 


Махаббатсыз тумайды отты өлеңдер,


Махаббатпен көктеген – көктегендер.


Ол – анамның аялы алақаны,


Сезімсіздер – махаббат жоқ дегендер!


 


Махаббат бар күн барда, таңдар барда,


Ынтық болып шын сене алғандарда.


Іштей сүйіп сарғайып, сағынғанда,


Денесі от боп өртеніп жанған жанда!


 


Махаббат бар қорықпас қанжардан да,


Үркіте алмас үстемдік, жанжалдар да!


Махаббатсыз болады бақыт қайдан,


Самғатады адамды ол, арманды алға!


 


Қыз-жігіттер – ақ, адал азаматтар,


Махаббат бар! – деп айтты маған қарттар.


Бесігіндей,


Бақыттың есіміндей


Құдірет-күш махаббат, махаббат бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу