Өлеңдер ✍️

  07.07.2023
  65


Автор: Серікбай Оспанов

Алтау едік

Алты парақ бір кітап боп түптелген –


Алтау едік бір анадан сүт емген.


Бірің ойда, бірің қырда жүрсіңдер,


Туысқандар, күнде сәлем күтем мен.


 


Біздің үйге көктем келген, күз жеткен,


Біздің үйден тарам-тарам із кеткен.


Бес қыз бүгін бес үй болды базарлы,


Жыл құсындай жылда келем іздеп мен.


 


Толқып-тасып қос жанарым – қос айдын,


Сендерді ойлап қуанамын, босаймын.


Тентектікті көтереді енді кім?!


Еркелікті енді кімге жасаймын?!


 


Сендерді ойлап көкірегімде сыр тұнған,


Ең кішіміз...


Көз алдымда тұр тұлғаң.


Хабарласпай кеткенде


Еске түседі


Ескі кітап... парақтары жыртылған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу