Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  372


Автор: Серікбай Оспанов

Бөтен жақын бола алмайды тілдеспей...

Бөтен жақын бола алмайды тілдеспей,


Адымың тар ағайынмен бірлеспей.


Бұрамасаң бірін қатты, бірін бос,


Қос ішек те қояды ғой үндеспей.


 


Өсіп-өнбес көктемде ағаш бүрлемей,


Бұл өмір тұл бар тіршілік гүлдемей.


Ашу қысып бірі қатты кеткенде,


Жұптың бірі қалу керек үндемей!


 


Күн мен Айың, Аймен ғана нұрлы түн,


Құрайды әр кез апталарды, жылды күн.


Екі ішектей бір-бірімен үндеспей,


Екі жүрек бола алмайды бір бүтін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу