Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  37


Автор: Серікбай Оспанов

Кездік

Мүлік болып, медет болып көңілге,


Бір үйдің  сен тұрдың ба екен төрінде?


Әлде араша түстің бе асыл адамға,


Қидың ба әлде қимас жанды өлімге?


 


Әлде  қара ниеттерге сермелдің,


Әлде...


Әлде жауыздыққа дем бердің?


Бір қолдан соң, бір қолға өтіп жүргенде


Өміріңде қанша ез көрдің, ер көрдің?!


 


Ел жауына қауіп болып төндің бе,


Әлде...


Әлде ғашықтарды бөлдің бе?


Азаттық пен әділеттің жолында


Ғұмырыңда бір жарқ етіп көрдің бе?!


 


Сергелдеңде серілерге серік боп,


Белдігіне тағылдың ба көрік боп?


Жасатты ма әлде сені бір тентек


Жан қалтамда жүрсінші деп желік боп?


 


Болат кездік, айтшы, кімнің серігі ең,


Жасаған кім?


Неге өмірге келіп ең?


Тот басыпты,


Кетіліпсің,


Сыныпсың,


Ескі жұрттан тауып алдым сені мен.


 


Әлде аңшының қонышында жүріп пе ең,


Жолбарыстың жон арқасын тіліп пе ең?


...Даттай да алмай,


Мақтай да алмай қиналдым,


Саған адам қарайды екен күдікпен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу