Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  36


Автор: Серікбай Оспанов

Бірде жасық, бірде асқақ, бірде алау...

Бірде жасық, бірде асқақ, бірде алау,


Жан тыңдамау, өзін-өзі құндамау,


Бүлдіріп ап, түзей алмай жылайтын


Менің жаным адамда жоқ шығар-ау?!


 


Жасымнан-ақ жуық еді маған мұң,


Ашық аузы жүректегі жарамның.


Жылағанмен бірге жылап жүретін


Бәрі мендей шығар, бәлкім, адамның?!


 


Әй, білмеймін...


Достарым бар, көршім бар,


Кімнің кімін біледі ғой, ел сынар...


Ең жақсы адам мен шығар деп кей-кейде,


Деп ойлаймын кейде ең жаман мен шығар?!


 


Есік алды деп жүргенім төр шығар,


Ойпаңдау-ау деп жүргенім өр шығар?


Тар дегенім тар емес, тым кең шығар,


Кім біледі, бақытты адам мен шығар?!


Әй, білмеймін...


Білмеймін ғой, білмеймін,


Дей алмаймын бар адаммен бірдеймін.


Кейде мақтап, кейде даттап өзімді,


Түні бойы кірпігімді ілмеймін.


 


Арым бірақ биік тұрар, адалмын,


Ығыменен жүрсем кейде заманның,


Таза жаным шыңғырады құлындай,


Құшағында айла менен амалдың.


 


Бұл өмірдің жақсысын-ай, жаманы-ай,


Бәрін ойлап шақша басым шарадай...


Сыртыңдағы кешірші сен пендені,


Ішімдегі жаны таза Адам-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу