Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  100


Автор: Жалаладдин Руми

ЗЫНДАНДА, БІРАҚ...

Кәнеки, жан, көзіңді аш, барлашы бір ғашықты,
Қол, аяқсыз жүрекке Хақ құшағы ашық-ты.
Гүлзар бақтың қарап көр – райхан ба ханшасы? –
Бір ғашықтан ажарсыз райханның баршасы.
Түзу олар – турадан, мінсіз, мұңсыз жүздері,
Ақылдан да өнерпаз, білінбейді іздері.
Мәңгі жасыл аршаның ажарлы олар нуынан,
Таза әрі тірілеу Әбілһаят суынан.
Пенделердей сауықшыл – күн өткізген жиынмен,
Күнді зерлі шапандай үстеріне киінген.
Батпақ кешіп аяқпен, кезіп жүрек теңізін,
Қаны кетіп үстінен, тапқан олар негізін.
Қан-теңіздің толқынын сүңгіп, жүзіп өткендер,
Кіршік жұқпай жағаға тап-таза боп жеткендер.
Тікен қоршап тұрғанмен,
ол райхан гүл сынды,
Қапаста олар,
алайда шарап сынды нұр сіңді.
Жүрек сынды тап-таза, кешкенменен батпақты,
Түнек қоршап алғанмен, таң сықылды аппақ-ты.
Сен олардың шарабын бір татып көр, тілегім,
Татсаң, – қайғың жоғалар, жарқырайды жүрегің.
Ұмытылып бар мұқтаж, гүлі ашылар сезімнің,
Бір нұр маздап күледі тереңінде көзіңнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу