30.03.2023
  144


Автор: Лашын Әзімжанова

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ЖАРЫ ЛАШЫН ӘЗІМЖАНОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Ертең мұзбалақ ақын Мұқағалидың дүниеге келген күні

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ЖАРЫ ЛАШЫН ӘЗІМЖАНОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Мұқағалидың мінезі өте тік болатын, кей адамдар осы үшін де оған қарсы тұрды. Анда-санда Мұқағалидың тік мінезіне менің "мінезім" де сайма-сай келе кететін. Екеуміз аяқастынан "тіресіп" қаламыз. Бірақ ол райынан тез қайтады. Ақкөңіл, ақеділ емес пе, үй-ішіне кек сақтауды жек көрді. Көбінесе мұндай тіресу бірдеңе жетпегендіктен туатын болуы керек.
Ол үнемі мебельді ауыстырып қоюды жақсы көретін. Көп мебеліміз жоқ. Мен мектепке жұмысқа кетсем, балаларға столдарды сүрткізіп, орындарын ауыстырып қойыпты. Бірде бір жолдасымыздың Ғайни деген әйелі келіп еді:
– Немене, мебель алғансыңдар ма? – деп жан-жағына қарап қалды.
– Жоқ, ә. Бұл Мұқағалидың жалыққанда істейтін бір физкультуралық жаттығуы ғой, – деп шынын айтып едім, ол қатты таңданып қалды.
Мұқағали бала ұстауға да, күтуге де шебер болды. Шолпанымыз туған соң, мен бір жылдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Соны әкесі мен балалар күтіп, мені іздетпеді. Мұқағали балаларын жанынан бетер жақсы көрді. Даладан қандай ашуланып келсе де, балаларын көргенде майдай еритін. Төрт перзентінің маңдайынан шертпей өтті. Айбар деген баламыз өте қыңыр, шатақ болып өсті, бірақ Мұқағали Айбар десе, ішкен асын жерге қойды, тіпті оның сондай шатақ мінезіне сүйсініп отыратын. Ең кішкенеміз Шолпан деген қызын "Менің кішкентай поэзиям" дейтін.
Мұқағали өлең жазумен бірге, шахматты, аңға шығуды, балық аулауды өте жақсы көрді. Бір жылы көктемгі балалардың демалысында Мұқаң желігіп, "Қапшағайға барып, балық аулап келемін, балаларыма теңіз көрсетемін" деп болмады. Балық аулайтын неше түрлі құралдар сатып алды. Азық дайындап бердім. Балаларын ертіп, автобуспен Қапшағайға таңертең кетті. Кешке жақын бәрі шаршап-шалдығып үйге келді. Барса, Қапшағай көкпеңбек мұз, қатып жатыр екен. Міне, осындай бір әпендешілік болғаны бар...

***
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ЖАРЫ ЛАШЫН ӘЗІМЖАНОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Ауру бір жабысқан соң кетуі қиын екен. Мұқағали тағы ауырып, төсек тартып жатып қалған соң, дәрілерін бердім де, Алмаға тапсырып, жұмысқа кеттім. Үйде бір адам ауырса ештеңенің берекесі болмайды ғой. Кешке келсем Мұқағали ұйықтағандай кейіпте, көзін жұмып жатыр екен. Өңі боп-боз. Жүрегім алай-түлей болып, ас әзірлейтін бөлмеге кірсем, Алмагүлім боздап отыр.
– Папам тіпті нашарлап жатыр ғой, дәрігер шақыр. Ерні кеуіп, әлсіреп қалды. Аздап сусын бердім, көп іше алмайды. Күндіз бір дәрі бергенімде: "Алма, анау балконның бұрышында өрмекшінің торы бар екен. Соған өрмекші бір шыбынды қамап алып, кешке дейін зарлатты. Көріп жатып одан әрі қиналдым. Сол торды құртшы!" деген соң торды сыпырып тастадым, – деді Алмагүл көз жасын сүртіп. "Ақынның жаны не деген нәзік! Өзі әрең отырып, шыбынға жаны ашығанын қара" – деп ойлап отырмын. Алдымда ауыр қайғы күтіп тұрғандай соны ойлап едім денем дірілдеп кетті. Түнге қалса сырқаты одан ары ауырлайтынын білем. Не істерімді білмей, ой түбіне жете алмай отырып, Мұқағали өлеңіне бірінші "сәт сапар" тілеген Әбділда ағамыздан көмек сұрадым. Әбекең қалалық денсаулық бөліміне телефон шалып, жағдайды айтыпты. Бір демде бір топ дәрігер машинамен жетіп келді. Мұқағалиды ептеп қарай бастады, қан қысымын өлшеп, жүрегін тыңдап, уколын салып, дәрісін берді. "Ауруханаға жеткізбесе болмайды, үйде ауыр болады", – деген соң Мұқаңды дереу киіндіріп, ауруханасына апардым. Дәрігерлер бірінен-бірі естіп дереу жәрдемдесе бастады. Солардың арқасында, Әбекеңнің арқасында, Мұқаңның беті бері қарай бастады. Жиырма шақты күн емделіп, тәуір болып, емханадан шықты.

***
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВҚА ЖАЗҒАН ХАТЫНАН:

1962 жылы (Н.С.Хрущевтің кезі) біздің ауданды жойып, туған ұжымшарды екі шақырым жердегі жаңа қонысқа аударды. Бұл колхозшылардың қалтасын қағып, көп қиындық келтірді; өз үйіңді қиратып, жаңадан ірге көтеру оңай ма? Әкемнің маңдай тері сіңген мектеп те бұзылды. Ғимарат оның көзіндей көрінуші еді (Бұл шынында да солай болатын, керек десеңіз, асыл мұра ретінде одан бір сурет те қалған жоқ). Аудан іріленген соң, біраз қызмет те қысқартылды. Мен тәуекел етіп, жұмыс та, баспана да болмай тұрып, үлкен үмітпен астанаға көшіп бардым (төрт бала, анам мен зайыбым және кіші інім бар еді). Бір бөлмені отыз сомға жалға алып, "Социалистік Қазақстанға" әдеби қызметкер болып орналастым. Әйелім қазақ тілі мен әдебиетінің маманы бола тұрса да, мектептерде орын болмай шықты. Тіршілікте тұрмыстың түйткілдері көп, үлкен қызым алтыншы сыныпта оқып жүріп апатқа ұшырап, дүние салды. Бір жыл газетте қызмет істеп, демалыс алып ауылға кеттім. Бірінші мамыр мерекесіне тап келіп, онда үш күн кідіріп қалдым. Кешіккенім үшін жұмыстан шығарып жіберді. Енді мен үшін ең қиын күндер туды.

17.V.1974 ж.
(От поэта Макатаева Мукагалия, проживающего в. г. Алма-Ате, по улице Панфилова, 147 кв. 95)

***
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ КҮНДЕЛІГІНЕН:

25 май, 1974 ж.

Биыл 19 майда өмірімде бірінші рет, бәлки, соңғы рет үлкен кісіге өтініш білдірдім. Оның атына орысша жазып үлкен хат жібердім. Шынымды айтып, ашына бәрін мойындадым. Ешкімнің үстінен шағым айтпадым. Бұл әрекетімнен не шығатыны, мені алдымда не күтіп тұрғаны белгісіз. Хатым қолына тие ме, білмеймін, ол өзі оқып танысар ма екен әлде жоқ па? Мені тек бір нәрсе үміттендіреді: егер ол өзі танысса, сондай үлкен адамда қалайша үлкен жүрек болмайды? Оған өтініш білдіріп отырған көптің бірі емес, ақын ғой, үлкен жанды ақын… Әзірше күтудемін.

29 май, 1974 ж.

Менің үлкен кісім үнсіз, қаламдастарым да үнсіз. Менің тағдырым, ақын тағдыры қалайша ешкімді селт еткізбеді? Білмеймін, мен өзімді өзім әбден аямай айыптап біткенде, олар мені қалайша тағы қайта жазғырмақ? Мен, бәлкім, өзі де оңды біткелі тұрғанда, өтініш айтпайтын жаққа өтініш айтып, шалыс қадам жасап қойдым ба?! Кейде шын жүректен айтқан сырыңның бумерангқа айналып, өзіңе қайта оралып соғуы да ғажап емес. Егер тағы қайтадан бас-көз жоқ сөгу, даттау басталып кетсе, қайтем?

ЖҰЛДЫЗ МҰҚАҒАЛИҰЛЫ:

Әкем кезінде Димаш Ахметұлына хат жазды. Сол кісіден жауапты көп күтті. Əттең, жауап келмеді. Əйтпесе, əкемнің өмірі сəл басқа арнамен ағатын ба еді…

***
АҚЫН КҮЛӘШ АХМЕТОВАНЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Мен Мұқағали ағаны алғаш рет 1966 жылы өткен Қазақстан Жазушыларының бесінші съезіне келгенімде көрдім. Мен сонда, ең жас делегат болуым керек. Жамбыл медицина институтының студенті едім. Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев өлеңдерін жаттап алып жүретін кезіміз.
Алматыны алғаш көрген мен "Иссык" мейманханасының алдында қалай қарай жүрерімді білмей кідіріп тұрғанмын. Сол маңда жүрген жігіттердің біреуі "Мұқағали келе жатыр!" – деді де жалт бұрылып ішке кіріп кетті. Оның сөзі мен үшін "Пушкин келе жатыр" дегендей естілді. Есімде қалғаны – қапсағай денелі, биік бойы, ірі келбеті. Жанында біреу бар еді, оған назар аудара алмадым. Көзім тесіп бара жатқан болу керек, Мұқаң өзінің "Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер" деген өлеңін оқи жақындады. Мен іліп алып, келесі шумақтарын жатқа жалғастырдым. Алдында ғана журналдан оқығанмын. Мұқағали ағаның қуанып кеткенін байқадым.
– Өзің батыр баласың ғой! Өлең жазасың ба? – деп жауабымды күтпестен жанындағы жігітке қарап: "Бізді суретке тарт" – деді.
Өзі бір баспалдақ төмен тұрып:
Биік болса болғаны болашағым,
Мен аласамын,
Өмір сахнасына алған заңды
билетім бар,
Заңды орныма таласамын, – деген шумағын оқыды.
– Ақын болу оңай емес, бауырым!
– Осыны айтып, аздап аяғандай ма, бетіме қарап тұрды да, – өлеңдерің болса "Жұлдызға" тастап кет, – жолың болсын! – деп, тез қоштасып, қонақ үйге беттеді.
Жуырда қолыма тиген мына сурет өлең дүниесіне соқпақ іздеп шыққан сонау жылдардың нәзік сәулелерін есіме түсірді. Сол соқпақтың басында ұлы ақын бізге бір сабақ нұрдай ақ тілек тілеген екен!

12 ақпан, 1993 жыл

Әсет Ақмолданың парақшасынан алынды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу