Өлеңдер ✍️

  14.01.2023
  151


Автор: Есбол Бозан

ДҮМШЕ МОЛДА

Дүмше молда елде көп,
Ұстанатын өзге жол.
Хадистерді бұрмалап,
Тура жолдан безген ол.
Қарындарын ісіріп,
Момындармен өшігіп,
Молдалар көп бүгінде,
Ақыретпен ісі жоқ.
 
Ең жаманы солардың,
Арттарынан ешкідей,
Еріп жүрген кісі көп.
Дəлел айтса қабарып,
Шығатұғын аларып.
Айқасады сүннетпен,
Нəпсісіне қамалып.
Хақ тағала түсірген,
Пайғамбардың дініне,
Енгізеді жаңалық.
Шариғатты білмейтін,
Салт-дəстүрді дін дейтін...
Пайғамбардың өсиетін,
Құлағына ілмейтін,
Молдалар көп бүгінде,
Нəпсісіне құл болып,
Тура жолмен жүрмейтін.
Оның ойы «Əруақты
— ұлықтайық» деп кеку.
Құдай асын сылтау ғып,
Елдің нанын жеп кету.
Ондайларды Қазағым,
Төрге емес шетке қу...
Медет сұрап өліктен,
Мүшрікпен болып тең.
«Вальс» билеп тойларда,
Өлең айтып желіккен.
Залымдарды дəріптеп,
Ғалымдарды кеміткен.
Ей, Қазағым, момынның,
Той-думанға мас болып,
Жүргендігін көріп пе ең?
Дүмше молда, жырынды,
Өзгертеді дініңді.
Надандыққа жол ашып,
Таратады ырымды.
 
Сапар шегіп Меккеге,
Ізденбейді білімді.
Меңгермейді ғылымды.
Себебінен солардың,
Елдің іші бүлінді.
Дүмше молда дін бұзар,
Одан басқа кім бұзар?
Зікір салып əн еткен,
Ақидасы демек кем.
Қалтасынан халықтың,
Тиын-тебен дəметкен.
Жанын күтіп баптаған,
Шариғаттан аттаған.
Дүмше молда көп бүгін,
Тақуамен қырқысып,
Бидағатты жақтаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу