Өлеңдер ✍️

  03.01.2023
  318


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Келін сөзі

Енем емес, анам едің сен менің,
Өзің едің, сүйенішім, сенгенім.
Қара орманым, осы күнге дейін бір –
Қадіріңді қалай білмей, келгемін…
Төзіміңді айта алмаспын, еш тілмен,
Күніңді де сезбей қалдың, кешкірген.
Көз жұмыпсың, басыңды да сүйетпей,
Бір шыны су сұрап ішпей ешкімнен…
Ерте тұрып, тіршілікпен жаттың жәй,
Жүрген кезім болса кешір, жақтырмай.
Өлгеніңше бізді бағып, сыр бермей,
Ал өзіңді кеттің, бір күн бақтырмай
Ене емес ау, сенде маған ана едің,
(Тәңіріден тілеуші едің ақ өлім)
Сәл нәрсеге қалатын ең мәз болып,
Сәл нәрсеген өкпелейтін бала едің…
Соққан жүрек жылдар тынбай, ай тынбай,
Тоқтапты ғой, бір ақ сәтте, қайта ұрмай.
Құлыпталған сырлы алтын сандықтай,
Кетті қанша сөзің іште айтылмай…
Құт-береке, өмірімнің гүлі едің,
(Айтпай келеді екен ғой, адамдарға бұл өлім)
Тілге келмей қас қағым арасында аттандың,
Тілегенің осы еді, ақ екен ғой тілегің…


Бір өзіңнен көктеппіз ғой таралып,
Бір өзіңмен кетті ілесіп балалық.
Енді ғана қолың босап, жатырсың,
Ақырғы рет қара жерде дем алып…
Арманменен айналып ең төзімге,
Үміт оты ойнайтұғын көзіңде,
Өзге түгіл, сезбей қалдың, сәл ұйықтап
Мәңгі ұйықтап кеткеніңді өзіңде…
20 март 1978 ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу