01.01.2023
  110


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Боранда

К. деген жас қазақ Жапониядағы «Kyoto University» университетін бітіріп келіп, бірден Астанада қызметке қабылданды. Оқып жүргенде университеттегі үш жүз шетел студенттерінің ең үздігі атаныпты. Төрт тілді (қазақ, ағылшын,жапон және орыс) емін-еркін білетін әлгі жас пері осы биылғы қыста ауылдағы ата- әжесіне қыдырып келеді. Ауылда үш-төрт күн болып, мауқын басқан соң, қалаға қайтуға жолға шығады. Қасында ауылдас екі досымен жеңіл көлікпен ауылдан үш шақырымдағы үлкен күре жолға жетуге асығады. Бірақ аяқ астынан тұрған қарлы боран қарға адам бастырмайды. Не алға, не артқа қозғалуға мұрша жоқ. Ауылдағыларға ұялы телефонмен хабарласқанда, небәрі жиырма бес үйде жалғыз жарымжан ескі «Беларусь» қана, оның соляркасы таусылған. қалыпты.   Жұрт қамсыз, қайрансыз. Ал қалаға дейін екі жүз шақырым. Қаладағы таныстарға қоңыраулатқанмен ешкім мардымды жауап бермеді. Еш жерден ешқандай көмек жоқ, тым-тырыс. Үйіріп соққан бораннан бензині таусылып, салоны азынап қоя берген көліктегі үш жігіттің дәрмені кете бастайды. Боран басылғандай болып еді, аяз қыса бастады. Жапонияда оқыған      жігіт жанталаса қалтасындағы «Айфонын» алып, шұқшия әлденені теріп отырып, бір уақытта қолынан телефоны сусып түсіп кетті.. Үш жігіттің үшеуі де қорқуға да шамасы келмей, көкпеңбек болып бозарып-сазарып денесін аяз меңдеп,естен тана бастайды..


..Таңға жақын ғана Төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары көлікті қардан аршып, есігін кесіп ашқанда, үшеуінің бойында болар-болмас тіршілік белгісі болған. Ит арқасы қияндағы иен далада қалған үшеуге құтқарушылар қалай тап болған?


Сөйтсе, үшеудің бірі «жапон» қазақ «Айфонын» халықаралық спутниктік «Инмарсат» жүйесіне қосып, құтқару дабылын Жапониядағы станцияға жолдап үлгерген екен. Жапондықтар өз тілінде келген                                                 дабылға таңдана отырып, дереу естісімен Астанаға, астанадан –облысқа хабарлап үлгерген.


Сөйтіп тапқыр жігіт    табандылығының арқасында өзін де, достарын да бір ажалдан құтқарып қалды.


Ал енді жапон демекші,     жапоншы қарындасымыз Шарафат Жылқыбайқызының жазғанына сенейік, өздері бүгінде 130 миллион екен.. Аз емес. Бірақ, бір қызығы (егер қызық болса), олардың                                               ең қауіп қылатыны - озық технология, инновация. «Бiр-бiр компьютерге "байланған" жапондар сыртқы ортадан бейхабар. Бір-бірімен араласуы сирек. Соның салдарынан бала саны күрт кеміді, егдерлер көбейді, жалғызбастылар артты. Ең сұмдығы –туғандар бір-біріне суық, селсоқ.


Материалдық игіліктің шырқау шегіне жеткенде, адамзат баласы рухани күйреп, өзін-өзі роботқа айналдырады деп үрей туғызған жапон ойшылы Накано. Төрткіл дүниеде дін-дәстүріне мықты, ойлап таппайтыны жоқ, өмір сүру жағдайы (орта жасы- 80) жақсы


дейтін жапондарыңыз да уайым-қайғысы көлдей екен.. Құдай сақтасын, қазақ баласы жаңару, жаңғыру үстінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу