Өлеңдер ✍️

  24.11.2022
  392


Автор: Еркін Оралбай

АРДАҒЫМ

АРДАҒЫМ

Болса дағы көп екені сынақ тым,
Болжай алған болашақты бірақ, кім?
Жастық шағым қыр асқанда, кездейсоқ,
Елден ерек бір аруды ұнаттым...

Қақ айрылар сәулесінен қара түн,
Айдай сұлу, жаралған жан дара тым
Кең маңдайға қиғаш біткен қастары,
Еске салар қарлығаштың қанатын...

Кермаралдай кербез, сұлу, көрікті,
Көзін салмай өте алмаған "бөрікті".
Бота көзін төңкергенде наздана,
Баурап алып, ерітердей ерікті...

Ерке мінез қылығы бар тым тәтті,
Көп ішінде көзге түсер сымбатты.
Арман қылдым мендік болып жүрегі,
Сыйласа деп баға жетпес шын бақты.

Сезім құнды жүрегіңде барда мұң,
Сүйген жанға байланғанда бар бағың.
Мына өмірде өтіп жатқан сүреңсіз,
Бақыт екен болса асыл, ардағың!!

ЕРКІН ОРАЛБАЙҰЛЫ



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу