Эсселер ✍️

  18.11.2022
  128


Автор: Жаңа жыл

Жаңа жыл — жаңа күннің бастауы

Жаңа жылды әрбір адам жақсы күннің, жаңа күннің бастауындай күтетіні сөзсіз. Расында жаңа жыл — жаңа күннің бастауы болып саналады. Әр жаңа жыл сайын кейбір адамдар жаңа жылды мол табыс, жақсылық әкелетін қуанышты сәт деп түсінсе, енді бір адамдар тағы да бір жас қосып, қартая түстім деп ойлайды. Енді біреулері шүкіршілік етуден танбайды, жаңа жылды көрмей, жаңа жылға жетпей қаншама адамдар өмірден өтіп жатыр десеңізші. Жаңа жылға жетіп, тағы бір жас қосқанымызға қуануымыз керек деп ойлаймын. Бүкіл әлемде қаншама адам бар деп алсақ, олардың ойлау қабілеттері сан түрлі болып келеді емес пе?! Әр қайсысы әртүрлі армандарын айтып, іштей тілек тілеп отырады. Жалпы айтқанда бүкіл әлем жаңа жылды тойлайды, тойламайды деген күннің өзінде ең болмағанда атап өтетіні сөзсіз. Өйткені жаңа жыл ол бар әлемде бірдей жүргізілетін есепке негізделген. Сол арқылы ай, жыл, уақыт бәрі бүкіл әлем бойынша бір арнада тоғысатынын байқаймыз. Жаңа жылдың маңызды құндылығы осында деп білемін.
Қарап отырсақ жылдың соңы бір ойға шоматындай кез көрінеді. Себебі, үстіміздегі жыл мен үшін қандай жыл болды, арманым мен алға қойған мақсатыма жете алдым ба? «Алға жылжыдым ба, артқа жылжыдым ба, әлде бір орында тұрып қалдым ба?» — деген сияқты сұрақтарды өз-өзімізге қоятынымыз анық. Өмірімізге бір шолу жасаймыз да жаңа жылға тағы да армандар, жоспарлар мен алдымызға мақсаттарды қоя бастаймыз. Жаңа жылдың ең қуанышы осы деп білемін. Жаңа жылдан жақсылық күту, жоспарлар құру деген сияқты дүниелер...
Жаңа жылды асыға күтетін жандар бар. Олар әрине балабақшадан бастап мектеп оқушылары, тіпті студенттер де түрлі жоспарлар құрып, жаңа жылдық мерекелік шараларды ұйымдастырады.
Дей тұрғанмен Жаңа жылды жаңа күннің бастауындай көріп, оны жақсы қарсы алуды ойластыру керек. Келер жаңа жылды да осылай қарсы алуды нәсіп ет деп Жаратқаннан тілеу керек деп ойлаймын, осы күнге жеткізгеніңе шүкір деп Аллаға сансыз шүкіршілік айту өте маңызды болып саналады.
Әр адамға әртүрлі күй сыйлап келетін Жаңа жыл биыл да жақсылықтың жаршысына айналып, табысы мен қуанышына бөлей берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ел ертеңі жарқын болсын деп қорытындылауды жөн көріп отырмын.
Жаңа жыл құтты болсын, қазақ елі! Аспанымыз ашық, қиындықтар қашық болсын! Жылдан жылға амандықта жете беруді Жаратқаным нәсіп етсін! Өміріміз мәнді, әр күніміз сәнді бола берсін лайым!

Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан»  газетінің бас редакторы Жібек Искакова,  Түркістан қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу