Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  110


Автор: Түрік поэзиясы

МІНЕ, ОСЫЛАЙ

Жалғызбын,
Күндіз де, түнде де жалғызбын.
Дос та жоқ, қыз да жоқ, жалғыздық бейнесі секілді
Таңбасы мен басқан əр іздің.
Жалғыздық,
Соны еске салады көше де,
Осылай бір өмір өкініп өше ме?
Жарым жоқ күтетін үйімде,
Бөлмемде жыр оқыр болмайды күйім де,
Жинайтын жан да жоқ қоқысты үйілген.
Кеш қайтсам ұл да жоқ, жүзімді көргенде
«Əкелеп» емірене сүйінген.
Ұйықтап жатсам да жалғыздық қалмайды,
Жанымды өлең де жұбата алмайды.
Көзім де көз емес, ерінім де добалдау,
Күресер бар ма амал күш-қажыр біткесін.
Белгісіз бір жаққа кетуге кетті есім,
Соңғы жыр ең соңғы қоймастан нүктесін.
Əн сап ем, бəрібір жаһанға симадым,
Жəне де шайырмын есімі беймəлім.
Жалғыздық – тұрағым, өртеніп өзегім,
Қолдарым қалтада, көшені кеземін.
Кеудемде жүрегім тынымсыз зарлайды,
Сырымды жыр да енді жеткізе алмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу