Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  92


Автор: Нұржан Наушабаев

ӘЙ, НҰРЖАН, ҚАЛАМ АЛДЫҢ СӨЗ ЖАЗАРҒА

Әй, Нұржан, қалам алдың сөз жазарға,
Тағы да көңіліңді аудар бір ғазалға.
Баяндап амандықты, аш сырыңды,
Еш хайла қыла алмассың, келсе ажалға.
Тіліңді жер-көгіңде еттің серік,
Қимылда тұрған шақта баста билік.
Жанасып әр орынға, белгі көрсет,
Аунаған жерлеріңде қалсын бір түк.
Ұзатпай сөз лұғатын, ойла қысқа,
Естіген мағынасын түсінерлік,
Қадірін біл амандықтың аман шақта,
Қолыңда өне бойы тұрмас тірлік.
Жем түспей аяғына кетпейтұғын,
Шаң жұтқан болса-дағы қандай жүйрік.
Тегінде осыны да өнер ғой деп,
Сен ғаріп, ете көрме тәкаппарлық.
Кез болды тағылым алып, білетұғын,
Болмасаң фаһімасыз істер ерлік.
Басыңнан өтіп кеткен шаттылықты
Орын жоқ әуре болып ізденерлік.
Әй, Нұржан, бір сөз баста, жүрмей бекер,
Бір ғазал жұрт тыңдарлық айтсаң нетер?
Отырған қарап қалар деген мысал,
Әр адам мұратына іздеп жетер.
Сыр беріп бейне жасық жамандарша,
Жабырқап, жайлантқызбай, көңілін көтер.
Ықыласты, риясыз, һәм алаңсыз,
Бұл күнде дос санаулы сөзің өтер.
Бетке күліп, сыртыңнан дұшпан болған,
Жаманы ағайынның жаудан бетер.
Муафиқ ақылыңа келмеген соң,
Ізгілік, шын қиялдар зая кетер.
Тағдырдан кім құтылар қашқанменен,
Кетер ме бір тосылмай тасқанменен.
Һауасы тым жоғары болмасын деп,
Қорқыныш берді пілге тышқанменен.
Бір қамсыз жан иесі өтер деме,
Ұшса да қанат байлап аспанменен.
Өлшеулі жерден ұзап кете алмассың,
Ұмтылып, қадамыңды басқанменен.
Мұратқа ешкім ойлап жете бермес,
Талабың көңіліне алған біте бермес.
Көз салып, тәжірибе етіп қарасаңыз,
Тосусыз ағын су да кете бермес.
Атқан оқ, сөйлеген сөз, өткен өмір,
Айналып келмес қайтып барлығы бір.
Өкініш талабыңа бермес пайда,
Болмаса көз салсаңшы көкке кәміл.
Һауаланба өз көңіліммен боламын деп,
Істерді қолдан келмес қыламын деп.
Қысқа ойлап, сабыр етпей, салма жара,
Шаң жұтып, жүйріктерден қаламын деп.
Күштімен бағаң кемір алысқанмен,
Тыртысып, жоқ нәрсеге қарысқанмен.
Артығы – әркім өзі әлін білмек,
Жылқыдан қой озар ма жарысқанмен?!
Тірлік ет, мойның созсай өз шамаңша,
Мақтанба қалыбыңнан асып онша.
Іс еткін ғибрат алып, әй, пақырлар,
Ақылға сап өзіңді ойлауынша.
Жылқыда өт, құста сүт жоқ, таста тамыр,
Ұшқан құс, суда балық, барша жәнур.
Өлшеулі оларға да берген ақыл,
Һәммасы өз әлінше Хақты таныр.
Ешкімге ұзақ жолдас емес тірлік,
Нәпсіге азбас едік қылсақ ерлік.
Жаратып бұл дүнияны керегі не,
Бір Алла пендесіне берген кеңдік.
Көңілім тоқтам айтты алып бәһар,
Ғибадат Хаққа қылғын тұрып сахар.
Қаншама тұрып ақыл айтқаныңнан
Зәредей надандарға жұқпас мақал.
Абыройы екі дүниенің артсын десең,
Зорайтпа көңіліңді ойлап нишәр.
Сөз – самал, көңіл – дария, ақыл – жауһар,
Жетерсің етсең кәміл, сабыр қылсаң.
Өкініш өткен іске көп етерсің,
Егер де тағдыр жетіп, қылсаң сапар.
Арасында тірлік еттік жер мен көктің,
Бәрін де даяр еттік не керектің.
Істер бар біздерде де таңғажайып,
Ұқсаған мінезіне көбелектің.
Қосылып ер атына кетіппіз ғой,
Құштар пенде ................................
Бір болар дәрежесі күн ілгері,
Дүнияда пақыр, міскін, мырза, бектің.
.......................................................................
Салмағы қалай болар артқан жүктің?
Тәуекел деп екі қолға алып жүрміз,
Семіріп һауасына тіршіліктің.
Пендесі етер ғафу, Раббым қадыр,
Ол жерде пайдасы жоқ шапшаңдықтың.
Оқылар көз алдында амал дәптар,
Тұрады неше бөлек түзіп саптар.
Есіне сонда түсіп, аһ ұрарсың,
Мұндағы сайран етіп жүрген шақтар.
Ұстаусыз мына бізде пендешілік,
Осыны біле тұра хал жоқ тоқтар.
Әлде де бізде де көп айырмақ іс,
Һәман жақсы аралассыз болмайды еш.
Біреуге біреу ғизат етпес еді,
Дүния жүзі бір қалыпта болса тегіс.
Ол күнде тұра алмайды ешбір адам
Қанағат бір-біріне етіп дұрыс.
Халық іші тегісінен болып фітнә,
Болмады дұрыстықпен ешбір жүріс.
Ол күнде ағайыннан амандық жоқ,
Еркінше жүруге де тарылды өріс.
Ел іші өсек, ғайбат қаптап жүрген,
Орны жоқ жауапсыздықтан тоқтап жүрген.
Сондықтан көбі ерлердің жүгіреді
Қайратын сықылданып сақтап жүрген.
Араға талай жаман кіріп кетті,
Мансұқтап ел арасын, боқтап жүрген.
Халықтың кешегі бейбіт, бүтінінде
Бақсайшы көлеңкеңді аттап жүрген.
Өзіңнің не қалыбың, біл шамаңды,
Жаңылып, әуре болма, біл тобаңды.
Бұрыннан келе жатқан бар ғой нақыл,
«Тентек Құдай танымас, ит арамды».
Қарақұс лашынға болмас серік,
Шукрәтләр қандай сұлу емес тірлік.
Нәжіске жердің жүзін толтырады,
Риямин бір ақымаққа берсең ерік.
Жаманның мінездері бейне есек,
Күні-түн дамыл алмай айтқаны өсек.
Мастанып пәленшеге деген сөзге,
Жүреді аяқасты қылып төсек.
Қиялдан жаман адам алжасады,
Жетем деп ілгеріге тырмысады.
Туысы менен мұның артық па деп,
Кесір қып, тізгініне жармасады.
Өнердің біз жолықтық киесіне,
Көз салмай әркім өзі жүйесіне.
Сыйқырлап, бір біртіне жылмаңдасар,
Күшіктей еркелеген абаласар.
Жаманға айтсаң міндет жақындасып,
Қойғандай жөні осы деп ақылдасып.
Кішкене тілі келсе көрінеді
Риямин өп-өтірік сықылдасып.
Сырларын көңілдегі аша алмайды,
Ер атына екі сөзді қоса алмайды.
Кейбіреу өзін өзі әурелетіп,
Аяғын айтызбаса баса алмайды.
Ойымен аңсағанда жеттім дейді,
Ақылға кәміл толып біттім дейді.
Мұртын сипап, көздерін ақырайтып,
Мен өзім барлығын да еттім дейді.
Ақылды таба алмайды көркіменен,
Жалпылдап бет алдына жүргенменен.
Далаға айт демей-ақ шәуілдейді,
Иесіне айтқызар деп үргенменен.
Бәйге алмас мәстек озып шапсаң-дағы,
Жабуын атластан жапсаң-дағы.
Қарғаға тоты болу қиын сауда,
Нақыштап қанша мәнер жақсаң-дағы.
Кейбіреу өтер еді асып-тасып,
Теңгеріп бұлтқа өзін аспандағы.
Өзінің қалыбынан өзгермейді,
Есекке інжу-маржан тақсаң-дағы.
Түзеймін дегенменен, түзелер ме,
Асырап итті қанша бақсаң-дағы.
Қояр ма өсекші ауыз жыбырламай,
Жасырып, күлін көкке шашсаң-дағы.
Достан дос айырылып жүр сөзге келіп,
Жолықпас бір-біріне кезге келіп.
Жібек жүн, алтын бақыр болған уақыт,
Замана қалыбынан өзгеріліп.
Айтқанмен жаман адам келмейді епке,
Өмірді босқа өткіздің жүріп текке.
Бақытты, бай болдым деп жоғарылама,
Тисең де Хаққа қосылып, төбең көкке.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу