Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  451


Автор: Төреғали Тәшенов

КҮЗГІ ЖАҢБЫР

Сілтеп жатыр қара жаңбыр бетке айтып,
Қыздыратын жапырақ жоқ жатқа айтып.
Жақ ашпайды жонын төсеп жауынға
Жалаңаш тал басындағы бақ қайтып.
Ұрып жатыр ұры жаңбыр ұйқассыз,
Ұзатуда соңғы гүлін қимас түз.
Бетон үйдің бет-жүзіне қарата
Бір-ақ құйды кәрі жынын жинап Күз.
Оқ тигендей оқыс тентек пергіш кеп,
Шықты түгел терезені түйгіштеп.
Жарысынан жаңылдырып жаңбырды,
Төкті қайта әкете алмай жел күштеп.
Іліп қойып желге жасын қақтырған,
Суыруда аспан асты ақ қырман.
Шымшық-шиқыл шығады әлсіз,
әрең деп
Аман қалған ала тасыр шапқыннан.
Тамшыларды тұрақ таппай баз кешкен
Кері теуіп қуады асфальт саз бетпен.
Шабыт ашып, шашыратып, адуын
Аспан жерге жаңбыр жырын жазды өктем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу