Өлеңдер ✍️

  29.09.2022
  217


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Тұтқа

Өтіп жатыр күндерім мен айларым,
Бойым өсті босағаны бойладым,
Қарсы алдымнан қаншама есік ашылды,
Ал ашарда, тұтқа жайын ойладым.
...Еңбектедім, үлкен-кіші қамалап,
Жүрдім сосын жер үстелді жағалап,
Ала жіппен тұсауымды кескен соң
Тәй-тәй бастым үйдің ішін аралап.
Қарт әжемнің мен едім бар күткені
Шаңырағымыз сол әжеммен құтты еді.
Туған үйдің есігінің тұтқасы –
Ең алғашқы мен ұстаған тұтқа еді.
Өнерпазға балғын басты қанша идім,
Кішкенемнен өлең сүйдім, ән сүйдім.
Екінші бір мен ұстаған зор тұтқа –
Тұтқасы еді қабырғалас көрші үйдің.
Тізіп қойған асықтарды жолда атып,
Шыбық мініп, жарты ауылды шаңдатып.
Асыр салып өтіп жатты балалық,
Ойсыз, қамсыз, кеш те батып, таң да атып...
Ауылдағы қадамымды нық басып,
Мектеп бардым жеті жасқа шыққасын.
Ойланбастан көппен бірге ұстадым,
Сол мектептің есігінің тұтқасын.
Оқушы деп шығарды өмір шешімін,
Сол бір күні көп айтылды есімім.


Білім деген ұшан-теңіз ғаламның,
Ашыппын мен қасиетті есігін.
Содан бері білім қуып, ой кештім,
Бұлтқа айналып әрлі-берлі сан көштім.
Нұрлы күнде таңғы шықтан сыр үзіп,
Айлы түнде жұлдыздармен сөйлестім.
Күтті есіктер айрығында жолымның,
Тұтқасы жоқ қақпаларға соғылдым.
Есік аштым аспанда да, жерде де,
Көп тұтқада табы қалды қолымның.
Жаратушы Тәңіріме табындым,
Тіршіліктің заңдарына бағындым.
Шалғай шығып, шет елдерде жүргенде,
Туған елдің тұтқаларын сағындым.
Біледі ұрпақ бабалардың өрлігін,
Тұтқа болған тұлғалардың ерлігін.
Күндер өтті еліміздің тұтқасын,
Бөтен жандар ұстаған күн, шерлі күн.
Ел тұтқасын адал сөйлеп, ақ күлген,
Келеді ұстап ағаларым ат мінген.
Өлең – әлем есігінің тұтқасы –
Қасиетті қаламымды таптым мен.
Жырға бөлеп қалың ойдың орманын,
Арғымақтай қарғып өту арманым.
Тұтқасы аз, есігі көп өмірден
Қасиетті сөз тұтқасын таңдадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу