Өлеңдер ✍️

  28.09.2022
  299


Автор: Бауыржан ЖАҚЫП

Ақсу-аюлы

Ақсу-Аюлы, Ақсу-Аюлы,
Менің көзімдей тапшы мойылды.
Көрпеңді төсеп күтіп ал мені
Қызыл-жасылды, көкшіл оюлы.
Баладым ылғи елімді ойлыға,
Атадан қалған жерің – бай мұра
Шер тарқатайын бір, құшағыңа алшы,
Шертпе күй тартқан Шерубай Нұра.
Бұлақтары аққан шағылып Айға,
Қуат бітірген сағымы бойға.
Айналған менің сағынышыма,
Бұғылы қайда, Тағылы қайда.
Көз жасын бұлттар бүркіп бір ойға,
Киіктеріңді үркітті қайда.
Төбемді көкке жеткізіп тұрған,
Беу, Нілді қайда, Бүркітті қайда.
Айдында ақ өлең қалқытып едік,
Сүйегін жұрттың балқытып едік.
Бозбала Абайға батасын берген
Жақсы Жәкеңнің сарқыты ма едік.


Дауды тілменен шешкен ел едік,
Кеңгірді бойлап көшкен ел едік.
Шортанбай бабам қалдырған сөздің,
Уызына жарып өскен ел едік.
Көруге келдім, дала төріңді,
Қырық мың жылқы қара көрінді,
Су ішкен кезде лайланбаған
Аюлы менен Қаракөліңді,
Көруге келдім, дала төріңді.
Бұлғын кешім-ай, кәмшат таңым-ай,
Домбыра –далам, аңсатқаның– ай.
Тәттімбет, Тоқа, Қыздарбектердің,
Шертеді самал саусақтарындай.
Ішінен шығып шытырман елдің,
Ырысын іштім, құтын да көрдім.
Кенесарының қайқы қылышы
Осқан ауаны жұтуға келдім.
Қалың қазақтың жебесін көрдім,
Қамшыдай жырды белесіңде өрдім.
Бектау атадан асқан кезімде
Наурызбай батыр елесін көрдім.
Ұйысқан тоғай еркін жасақтай,
Көлге күй толған көркін босатпай.
Асылғым келді мойныңа далам,
Жаңбырдан соңғы кемпірқосақтай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу