Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  77


Автор: Танакөз Толқынқызы

Сіз қашасыз жан жардан....

Сіз қашасыз жан жардан,
Мен қашамын жанжалдан,
Мың күнәні көтеріп
Қалай жүрсіз, абзал жан?
Жүрек тұсым солқылдап
Қайтып барам вокзалдан.
Өмірдің бір парағы –
поезд жылжып барады.
Қақ жарардай қаланы
Такси зулап ағады.
Көзден аққан бір тамшы –
Көңілдестің шарабы.
Көздерімнен өпті күз,
Ерніңде еріп кетті қыз.
Сағынышта жазық жоқ
Несіне оны сөктіңіз?
Көк түтінге көмілген
Сол перронда кеттіңіз.
Өзі патша, өзі мұң
Соқыр қылды сезімім.
Ұйқымды ұрлап әкетті,
Құдыреті көзіңнің.
Сен тастаған қаладай
Тастап кетті төзімім.
Алатау тұр тұнжырап,
желкілдеген сақалы.
Иығыңнан күн құлап
ылдиыңа батады
...сол Алматы шаһары
Сені іздеймін вагоннан
Ешкімнің жоқ шатағы.
Сіз қашасыз өткеннен
Ал мен азап шеккеннен.
Өзіңіздей болмайды
Өкпек жел кеп өпкенмен.
Жүрек тұсым солқылдап
Қайтып барам вокзалдан
Ештеңе жоқ өзгерген
Сіз қайырылмай кеткенмен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу