Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  177


Автор: Тəпей Қайысханұлы

САБАҚТАСТАРҒА СƏЛЕМ

Қырағы қыз, қыран ой, қиын ұлдар,
Қилы-қилы білемін күй-үнің бар.
Не көрдіңдер, өмірден не білдіңдер?
Жиылыңдар бір жерге жиыным бар.
Доғара тұр күйкі өмір күйбеңдерін,
Ерте шығар міскіндеу күйге енгенің.
Үйлесе алмай бар білем жүргендерің,
«Үйдей пəле» арқалап үйленгенің.
Үйленгенің қаншама үйренгенің,
Үйренгенің қаншама түйгендерің.
Сыр бөлісіп алайық тағы да бір,
Сүйкімді ме, сүйкімсіз сүйгендерің?
Бірің олай тартпай-ақ, бірің былай,
Аңғал-саңғал отырып бұрынғыдай
Сырласайық, шалқып бір қырды асайық,
Сəтке болса тыным ап тиын қумай.
Қайран шақтар баяғы шырын неткен,
Ортақ еді-ау, жырың да сырың көппен.
Көк жасаңға келіңдер, дəл ортаға −
Боз торғайдай түсейін шырылдап мен.
Қол босатып бір уақ əуреден,
Еске алайық сол шақты дəуірлеген.
Емін-еркін сендер де масайраңдар,
Оқып берем мен де бір тəуір өлең.
Сосын бəрін ұмытып басқа мұңның,
Көкесін бір бастайын асқақ үннің.
Сібірлесін жаңбыр да сіркіресін,
Бұлты да иіп туған жер аспанының.
Сері мінез анауың, мынауың да,
Серке болар сəнің бар бір ауылға.
Хал-жайыңды білгім бар осы күні,
Жүр екен деп кімдердің шылауында.
Сүйтемізде, бүйтеміз кейін деген,
Бірің бар ма арманға бейімдеген?
Кежімдеп-ақ, бəйгеге қосып еді,
Кейің озып, қалдыңдар кейің менен.
Өркештеген өмірге мың қатпарлы,
Оркестірлі сезімдер бірге аттанды.
Жұқтырдыңдар кім білсін бойларыңа,
Ойларыңа қайдағы кір-дақтарды.
Өткеніңе өмірді түсінбей-ақ,
Қиқулайды көңілдің құсы бейбақ.
Тұрасыңдар кейбірің шеке қарап,
Танымайтын бөтен бір кісідей-ақ.
Түсінемін бəріңді бұзған өмір,
Жұқтырғаны рас қой бізге де кір.
Сабақтастар сендерді сағынамын,
Соғылса да шайқалып құзға көңіл.
Ашық еді мұң-бұлтсыз шіркін, аспан,
Сабақтастық тəтті бір сырға ұласқан.
Қара мұрт пен тентектің қамы басты-ау,
Қайран қыздар қаздайын дүр-дүр ұшқан.
Тартып тұрар қашанда бізге жаны,
Атағым бар сендерді қыз деп əлі.
Жұбайыңды жетелеп балаңды ертіп,
Жүрсіңдер ме бір арман іздеп əлі.
Терең, нəзік ойыңда жоқ түсінік,
Бұл өмірден талайлар өтті ісініп.
Біздер жайлы əн айтып əлде кімнің,
Жүрсіңдер ме ішіне шоқ түсіріп.
Қыздырылып жүрекпен жыр құшаққа,
Сендер үшін от жағып бір ошаққа.
Біз екеуіміз жұп жазбай əлі бірге,
Ұшып бара жатырмыз болашаққа.
Бірің қала кезесің, бірің дала,
Сүйреп жүрген баяғы аз білім ғана.
Анау қандай демейік, мынау қандай,
Белгілі едік өзара бұрында да.
Қойшы тəйір, оны айтып не қылайын,
Батпасын де, əйтеуір, сенім– айың.
Баға қоймай өзара изектесіп,
Баққанымыз жөн шығар ел ыңғайын.
Қырық деген таядық қыл мойынға,
Алыстады барар шақ бірге ойынға.
Қандай болып ол кезде көрінуші ед,
Қырықтағы кісілер жүр ме ойыңда?
Қолың созып беймəлім екі арманға,
(Екі арманға бұл пендең жете алған ба?)
Не кəрі емес, жас емес екі ортада,
Сенделесің қырыққа бет алғанда.
Қайда, қайда баяғы сүйікті əнің,
Бас қосыңдар жұмыстың сырып бəрін.
Өтіңдер бір сарғайып күз келеді,
Қырық қаздай қиқулап қырықтарың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу