Өлеңдер ✍️
ҚАМЫҚПА, ҚАРҒАМ
Жүдеме, жаным, жүдеме, қарғам, қарадай,
Жүргенің рас, жүйкесіз жұртты қаламай.
Өнері үшін өртенген жалын − өзекке,
Өткен бе, өмір қандай ауыр сұғын қадамай.
Қамықпа қалқам, қарығың түтеп түңілме,
Ақ мəрмəр жатыр тұңғиық ойың түбінде.
Үзіліп тынар онысыз да шырын-шыбының
Ілініп тұрған сезімнің бір тал түгіне.
Жабықпа, жаным, жабықпа бекер, жарқыным,
Жабығуменен шықпайды бекер жалқы үнің.
Өшіру сендей қиянат мынау заманға,
Қиямет ойдың шарт етіп сынған жарқылын.
Құлын да құлын дауысың шыққан құлын қыз,
Оңайдан − оңай түспеген шығар бұрынғы із.
Күллі бір дүние күңірене келіп қосылса,
Күмбір де күмбір шертеміз оның күйін біз.
Жалықпа, жаным, жалғыздық деген бір орай,
Отырсың білем құлағын күйдің бұрамай.
Аруақты əуен арыдан тартып қозғалса,
Коздырар өзі-ақ құйылып ойға жыр оңай.
Отырған шақта жоғалтып ойға от орып,
Опынған шақта жанарың жүр-ау, боталап.
Ондайда күнің жасыңды желге құрғатып,
Жүгіре жөнел жолбарыс жонды жоталап.
Уайым шекпе, суарып
у мен бойыңды,
Ұсына берме ұстара мұңға мойынды.
Көріп пе ең қалай гүл ашып қырда тұрғанын,
Үкілі ырғай, тобылғы, шырша, мойылды.
Бейшара торғай, қасірет− жылан арбаған,
Сонда да өрге қанатын тымбай қармаған.
Өмірдің өзі арбасу мен қарману,
Баянды бақыт оңайға тапқан бар ма адам?!
Кеудеңнен анау, құлаған құла көшкінді,
Өлең қып қана қойдағы соңғы көшкіңді −
Қызықтап оймен отырсаң ғана болғаны,
Дантес пен А.С. Пушкинді.
Немесе, анау құпия сырға басты и де,
Ұмытып, мынау уайым-мұңды мас күйде −
Өзіңді бір-ақ Байронмен бірге лақтыр,
Қара көк бұйра Каспийге!
Содан соң білем, тереңге шүңет батасың
Батасың дағы айырып шын мен қатесін −
Абайына еріп ақыры қара қазақтың,
Далада келе жатасың.
Қара бір халық, қара бір таудың етегі,
Қара бір көшпен қара өлең қалқып жетеді.
Қарап бір тұрсаң қара бір өңір лезде
Қара өлеңге айналып кетеді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter