Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  285


Автор: Үмітай Сәтжанқызы

Шын махаббат

Бір мезеттік нәпсіге еріп елігу,
Ол төзімнен, ол сезімнен жеңілу.
Алғашында жақсы көріп жабысып,
Ақырғысы жек көру мен безіну.
Шын махаббат мүлде бұдан басқаша,
Көне білген тағдыр қайда бастаса.
Сол алғашқы сүйгенінен қашанда,
Бақ тілейтін арманы іске аспаса.
Есік көру, некелену, үй болу,
Отағасы, отанасы күйге ену.
Бәрін нағыз махаббат деп қалмаңыз,
Кейбіреуі амалсыздан күн көру.
Сырттай дұрыс сезілмеген ешкімге,
Сезінгенмен өзгерте алмас ешкім де.
Оның сыры, оның тілі жүректе,
Ал, жүректі бағындыру мүмкін бе?
Мүмкін емес, мүмкін емес бәрі де,
Осындай ғой шын махаббат мәнінде.
Өзіңе аян өзгеше сол құпияң,
Өзіңмен бір бақиласар мәңгіге.
Бұған мысал аз емесін ел білет,
Елу жылдай ғашық болып елбіреп,
«Бірге көм» деп Қорлан берген жүзікті,
Естай ақын иек қаққан соңғы рет.
Отыз ұлды бай Келденнен бір адам,
«Арманыңыз жоқ шығар» деп сұраған.
«Құралайдан айрылғаным арман» деп,
Тоқсандағы тобықтай шал жылаған.


Ескерілмей сауабы мен обалы,
Сезім құйын сан қайталап соғады.
Қайталанбас шын махаббат адамның,
Ғұмырында бір-ақ рет болады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу